Құтқарушылар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған қауіпсіздік сабақтарын тұрақты түрде өткізіп келеді.
ШҚО ТЖД қызметкерлері «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалында есту қабілеті бұзылған азаматтарға арнайы сабақ өткізді. Іс-шараға кәсіби сурдоаудармашылар қатысты. Барлық теориялық ақпарат ым-ишара тіліне аударылып, қатысушыларға түсінікті түрде жеткізілді. Сонымен қатар құтқарушылар оқу бейнематериалдарын көрсетуге ерекше назар аударды.
Сабақтың негізгі мақсаты – төтенше жағдайлардың әртүрлі түрлері кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін үйрету.
Практикалық бөлім барысында құтқарушылар жер сілкінісі кезінде ғимарат ішінде қауіпсіз орындарды таңдауды, өрт сөндіргіштерді дұрыс пайдалануды, өрт шыққан жағдайда әрекет ету тәртібін және күнделікті тұрмыста сақтық шараларын сақтау жолдарын көрсетті.
ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Еңсегеновтың айтуынша, мұндай жүйелі жұмыстар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға өзін-өзі құтқарудың негізгі дағдыларын меңгеруге, сондай-ақ өрттер мен түрлі оқиғалардың алдын алуға көмектесетін қауіпсіздік ережелерін үйренуге мүмкіндік береді.
Хабардар болу және алдын ала дайындық – төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтап қалудың маңызды факторлары.









