Қазақстанда биылғы астық түсімінің сапасы жоғары. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқандарымыз мол өнім жинаумен қатар, бидайдың наубайханалық сапасын да жоғары деңгейде қамтамасыз етті.
Санды мәліметтерге сүйенсек, элеваторларға қабылданған жұмсақ бидайдың 72 пайызы үшінші сұрыпқа жатады. Сондай-ақ зерттелген астық үлгілерінің 48 пайызында дән маңызы мөлшері 28 пайыздан жоғары болған. Бұл биылғы отандық астық сапасының жоғары екендігіне дәлел.
Жекелеген өңірлерде бұл көрсеткіштер одан да жоғары. Мәселен, Ақмола облысында үшінші сұрыпты бидайдың үлесі 90 пайызға, ал Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70 пайызға жеткен.
Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзекті факторлардың бірі. Азық-түліктік бидай қорының жеткілікті болуы ішкі нарықтың астыққа, ұнға және нан-тоқаш өнімдеріне деген қажеттілігін толық өтей отырып, қажетті қор қалыптастырады.
Сонымен қатар астықтың сапасы қазақстандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал етеді. Ақуыз бен дән маңызы мөлшерінің жоғары болуы отандық бидайға ұн тарту кәсіпорындары тарапынан сұранысты арттырып, экспорттық нарықтардың аясын кеңейтеді.
Нәтижесінде, Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығындағы маңызды астық өндіруші елдердің бірі ретіндегі орнын нығайып, отандық агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті арта түсетін болады.









