Қарғалы ауданында 1,4 млн көшет өсіретін тәлімбақ жұмыс істейді

    1 / 3

    Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында көгалдандыру және елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

    Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын баяндаған аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев мәлімдеді.

    Аудан әкімінің айтуынша, жасыл қорды қалыптастыру бағытындағы маңызды жобалардың бірі – көшет өсіруге арналған тәлімбақ.

    Қазіргі уақытта 3 гектар аумақта орналасқан тәлімбақта 1,4 млн қарағаш, 14 мың терек, 7 мың тал және 720 қайың көшеті өсірілуде. Сонымен қатар тәлімбақ аумағын кеңейту үшін қосымша 7 гектар жер қарастырылған.

    Бастама ауданның көгалдандыру әлеуетін арттырып, алдағы уақытта елді мекендерді жасыл желекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ауданда санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру шаралары да тұрақты ұйымдастырылып келеді. Атқарылған жұмыстарға 7 мың адам қатысып, 110 мекеме мен ұйым жұмылдырылды. Науқан аясында демеушілердің қолдауымен 2,5 мың түп ағаш отырғызылды.

    Келер жылдан бастап тәлімбақта өсірілген көшеттерді Қарғалы ауданы мен Ақтөбе қаласында өтетін көктемгі және күзгі көгалдандыру науқандары кезінде пайдалану жоспарланып отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары