Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретті органдары басшыларының үйлестіру кеңесінің 2026 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында “Канал – Каспий шамшырағы” субөңірлік есірткіге қарсы операциясының алдын ала қорытындысын шығару жөнінде кеңес өтті.
Іс-шараға ҰҚШҰ Хатшылығының, ұйымға мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы күрес ведомстволарының, құқық қорғау және өзге де құзыретті органдардың, сондай-ақ бейінді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Операция 26–30 қазан аралығында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында жүргізілді. Бірлескен іс-шараларға ұйымға мүше елдердің құқық қорғау, шекара және кеден органдары, ұлттық қауіпсіздік және қаржылық барлау бөлімшелері, сондай-ақ Иран мен Қытайдың құзыретті органдарының өкілдері тартылды.
Операцияның негізгі міндеттері есірткінің заңсыз айналымы арналарын, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы есірткі тасымалдау жолдарын анықтау және жолын кесу, есірткі өндіретін жасырын орындарды жою, трансұлттық қылмыстық топтардың қызметін тоқтату және есірткі бизнесінің қаржылық инфрақұрылымына соққы беру болды.
Операцияның алдын ала қорытындысы бойынша құзыретті органдар есірткі құралдарының заңсыз айналымына, оның ішінде контрабандасына қатысты көптеген деректі анықтап, ұйымдасқан есірткі қылмыстық топтарының қызметіне тосқауыл қойды.
Заңсыз айналымнан есірткі құралдары мен психотроптық заттар, атыс қаруы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Сонымен қатар құрамында есірткі заттары бар өсімдіктердің заңсыз егістіктері, тыйым салынған ақпаратты тарату және есірткіні насихаттау үшін пайдаланылған интернет-ресурстар анықталды.
Операция барысында Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекара арқылы есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын контрабандалық жолмен тасымалдаудың жолын кесуге ерекше назар аударылды.
Екі елдің құзыретті органдары өзара іс-қимылды нығайту, жедел ақпарат алмасуды жетілдіру және есірткі тасымалдау арналарын анықтау мен олардың жолын кесуге бағытталған бірлескен шараларды үйлестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бірлескен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі есірткі бизнесінің қаржылық қызметіне қарсы іс-қимыл жасау болды. Іс-шаралар барысында ақша қаражатын аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру схемалары, оның ішінде “наркодропперлер” деп аталатын делдалдарды пайдалану және криптовалютамен операциялар жүргізу арқылы жүзеге асырылған схемалар анықталды.
Қаржылық барлау бөлімшелері мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру белгілерін анықтауға және тиісті процестік шешімдер қабылдауға ықпал етті.
Кеңес барысында қатысушылар трансшекаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл саласындағы тәжірибе және озық әдістермен алмасты. Бірлескен жұмыстың нәтижелері қаралып, алдағы өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары айқындалды.
“Канал – Каспий шамшырағы” операциясын өткізу есірткіге қарсы ұжымдық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды кезеңіне айналды. Оның алдын ала нәтижелері трансұлттық есірткі қылмыстық топтарына қарсы күресте, есірткіні шекара арқылы заңсыз тасымалдау арналарының жолын кесуде және есірткі бизнесінің қаржылық негіздерін әлсіретуде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары мен халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын көрсетті.
ҚР ІІМ халықаралық ынтымақтастықты нығайту, мемлекетаралық өзара іс-қимылды дамыту, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды іске асыру жұмыстарын белсенді түрде жалғастырады.









