Ақмола облысында патрульдік полиция қызметкерлері шұғыл медициналық көмекке мұқтаж 15 жастағы жасөспірімді ауруханаға дер кезінде жеткізуге көмектесті. Тәртіп сақшылары науқас бала отырған көлікке жол бастап, Щучинск қаласынан Көкшетауға дейінгі 70 шақырымға жуық жолда ілесіп жүрді.
Оқиға Щучинск қаласында болған. Жергілікті тұрғын әкімшілік полиция инспекторы Азамат Албаковқа хабарласып, көмек сұраған. Әйелдің айтуынша, 15 жастағы жасөспірімнің денсаулығы күрт нашарлап, оған Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің шұғыл көмегі қажет болған.
Баланы медициналық мекемеге уақытында жеткізе алмаймын деп алаңдаған әйел полиция қызметкерлеріне жүгінген.
Полиция қызметкері Азамат Албаков жағдайдың шұғыл екенін ескеріп, дереу жақын маңдағы патрульдік экипажды көмекке бағыттаған.
Шақыртуға жедел әрекет еткен сақшылар Медет Кабиев пен Жақсылық Байдуллин жасөспірім отырған автокөлікті қарсы алған. Тәртіп сақшылары қызметтік көліктің арнайы жарық сигналдарын қосып, Көкшетауға дейін жол бастап барды. Соның нәтижесінде науқас баланы облыстық балалар ауруханасына барынша қысқа уақытта жеткізуге мүмкіндік туған.
Кейін Щучинск қаласының тұрғыны қиын сәтте қолдау көрсетіп, көмекке келген полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді.
– Осындай шұғыл жағдайда дер кезінде әрекет етіп, қолдау көрсету және көмекке келуге дайын болу өте маңызды. Мұндай жанашырлық пен жауапкершілік шынайы құрмет пен ризашылыққа лайық, – деді әйел.









