Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қоян-қолтық ұрыстан чемпионаты өтіп, еліміздің күштік құрылымдары мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында үздіктер анықталды. Жарыс "ARLAN" спорт кешенінің ұйымдастыруымен өтті.
Татамиге еліміздің арнайы бөлімшелері, күштік құрылымдары мен құқық қорғау органдарының атынан қатысқан 26 командадан 208 спортшы шықты. Қатысушылар сегіз салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, командалық және жеке есепте өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында спортшылар жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін, әдіс-тәсілдерді меңгеру шеберлігін және кәсіби дайындығын көрсетті.
Екі күнге созылған чемпионат қорытындысы бойынша полиция департаменттері арасында командалық есепте Қарағанды облысының құрамасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Ақтөбе облысының командасы иеленсе, үшінші орын Астана қаласының құрамасына бұйырды.
Жеке есепте өз салмақ дәрежелері бойынша алтын медаль иегерлері атанғандар: Асхат Абылай (Маңғыстау), Заманбек Данабеков (Ақтөбе), Ринат Махмұтов (Павлодар), Бауыржан Жетібаев (Шымкент), Жалғас Жұмағалиев (Қостанай), Сұлтан Қәкенов (Павлодар), Ерболат Берген (Астана) және Эльдар Мұхитов (Атырау).
Жарысқа қатысушыларға Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алмаз Төкенов құттықтау сөз арнады.
– Бұл турнир – тек жауынгерлік даярлық пен шеберліктің ғана емес, тәртіптің, төзімділіктің және рух күшінің де көрсеткіші. "Заң мен тәртіп" қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған ішкі істер органдары қызметінің негізгі ұстанымы болып қала береді. Кәсіби дағдылар мен психологиялық тұрақтылық қызметкерлерімізге кез келген күтпеген жағдайда дұрыс шешім қабылдап, азаматтарды қорғауға мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір полицейдің дене дайындығы мен жауынгерлік әзірлігі жоғары деңгейде болуы тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау маңызды, – деп атап өтті ол.
Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жарыс "ARLAN" спорт кешені орталық аппараты өкілдерінің және ҚР ІІМ Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаменті басшылығының жетекшілігімен өтті.









