Агробизнеске қандай қаржыландыру бағдарламалары қолжетімді?

    1 / 13

    Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ұзақ мерзімді жоспарлау үшін оны ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі тапсырмаларының бірі.

    Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырудың кең ауқымды бағдарламалары қолжетімді. Қаражатты тиімді игеру үшін аграрийлер несие мөлшерлемесін ғана емес, оның мақсатын, мерзімін және өтеу кестесін де ескеруі маңызды. Өйткені маусымдық дала жұмыстарын қаржыландыру мен ауқымды инвестициялық құрылыс жобаларын іске асыруға арналған қаржы құралдарының талаптары айтарлықтай ерекшеленеді. Осыған байланысты «Аграрлық несие корпорациясы» бағдарламаларының негізгі шарттары мен ерекшеліктерін қарастырып, қаржыландырудың тиімді құралын таңдауға көмектесетін маңызды тұстарды талдаймыз.

    Егіс және егін жинау науқандарына қаражат қажет болса

    «Кең дала 2» бағдарламасыкөктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға арналған. Бөлінген қаражатты тұқым, жанар-жағармай материалдарын, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға пайдалануға болады. Ал қайта өңдеу кәсіпорындары үшін жеткізушілерден ауыл шаруашылығы өнімдерін алдын ала сатып алуды қаржыландыру қарастырылған.

    Қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5% (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5%-дан бастап). Транш мерзімі – 18 айға дейін, кредиттік желінің қолданылу мерзімі – 36 айға дейін. Өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға берілетін қаржы көлемі гектарына жұмсалатын шығын нормативтері мен егіс алқаптарының ауданы ескеріле отырып есептеледі.

    Несиені өтеу кестесі ауыл шаруашылығы өндірісінің маусымдық цикліне сәйкес жасалады. Өсімдік шаруашылығы кәсіпорындары негізгі борышты екі кезеңде өтейді: 50%-ын 5 желтоқсанға дейін, қалған 50%-ын келесі жылдың 5 наурызына дейін төлейді. Ал қайта өңдеу кәсіпорындары несиені транш мерзімінің соңында өтейді.

    Бағдарламаға қатысу үшін ауыл шаруашылығы саласында кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесі болуы қажет. Егер жұмыс тәжірибесі аз болса, облыс әкімдігінің қолдаухаты талап етіледі. Сонымен қатар қарыз алушы егіс алқаптарының бар екенін растап, бағдарламаның өзге де талаптарына сәйкес келуі тиіс.

    Қайта өңдеу кәсіпорындары мен мал шаруашылығы кешендеріне айналым қаражаты қажет болса

    «Агробизнес» бағдарламасыаясында азық-түлік өндірумен және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға, сондай-ақ мал шаруашылығы кешендеріне айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады.

    Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5%-дан бастап). Бір транш шеңберіндегі қаржыландыру мерзімі – 12 айға дейін, кредиттік желінің қолданылу мерзімі – 36 айға дейін. Несиені өтеу кестесі қарыз алушы қызметінің ерекшеліктері мен бизнес-жоспары ескеріле отырып, жеке тәртіппен белгіленеді.

    Мал шаруашылығы кешендері үшін қарыз қаражатын пайдаланудың мынадай шарттары көзделген:

    Мал бордақылау:несие сомасының кемінде 70%-ы кейіннен бордақылау үшін мал сатып алуға бағытталуы тиіс.

    Етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал өсіру:қарыз қаражатын жемшөп, жемшөп қоспалары, жанар-жағармай материалдары, ветеринариялық препараттар, жемшөп дайындау және тарату техникасы мен жабдықтарына арналған қосалқы бөлшектер сатып алуға, сондай-ақ қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге пайдалануға болады.

    Бағдарлама ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолжетімді айналым қаражатымен қамтамасыз етуге, өндірістік процестердің үздіксіздігін сақтауға, қайта өңдеу саласы мен мал шаруашылығын одан әрі дамытуға жағдай жасауға бағытталған.

    Жабдық сатып алу немесе құрылыс салу сияқты ұзақ мерзімді жобаларға қаржы қажет болса

    «Агробизнес 2.0» бағдарламасыұзақ мерзімді инвестицияларды қаржыландыруға бағытталған. Маусымдық шығындарды қаржыландырудан айырмашылығы, бұл бағдарлама бастапқыда қомақты қаражат салуды қажет ететін және өзіндік құнын ұзақ мерзімде өтейтін жобаларды қолдауға арналған.

    Қаржыландыру бағыттарының қатарына мал және өсімдік шаруашылығы, суару жүйелері, қарқынды бау-бақша шаруашылығы, өнеркәсіптік жылыжайлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу, жемшөп өндірісі кіреді.

    Атап айтқанда, сүт-тауар фермаларын, ет бағытындағы құс фабрикаларын, ірі қара малдың асыл тұқымды репродукторларын, бордақылау алаңдарын, көкөніс, жеміс-жидек және астық қоймаларын, ет және майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыру қарастырылған.

    Тікелей қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 12,6% (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 12,6%-дан бастап). Қаржыландырудың ең жоғары сомасы – 15 млрд теңге. Инвестициялық мақсаттарға несие 15 жылға дейінгі мерзімге, ал айналым қаражатын толықтыруға 4 жылға дейін беріледі.

    Қарыз алушы жобаны іске асыруға өз қаражаты есебінен қатысуын қамтамасыз етуі, жобаның экономикалық негіздемесі мен өзін-өзі ақтау мүмкіндігін, шикізат пен өткізу нарықтарының болуын, сондай-ақ жабдықтар жеткізушілерінің жобаны іске асыруға дайындығын растауы қажет.

    Шаруашылық асыл тұқымды мал өсіруді дамытса

    Асыл тұқымды мал сатып алуға арналған «Игілік» және «Береке» бағдарламалары қарастырылған. Бұл ретте бағдарламаны таңдау, ең алдымен, шаруашылықтағы мал басының санына байланысты.

    «Игілік» бағдарламасы100-ден 499 басқа дейін ірі қара малы немесе 500-ден 999 басқа дейін ұсақ мал ұстайтын шаруашылықтарға арналған. Ірі және ұсақ малдан бөлек, бағдарлама аясында асыл тұқымды жылқы, түйе, шошқа, ара және марал сатып алуды қаржыландыруға болады.

    «Береке» бағдарламасы500 бастан бастап ірі қара малы немесе 1 000 бастан бастап ұсақ мал ұстайтын шаруашылықтарға арналған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында кемінде екі жылдық жұмыс тәжірибесі болуы қажет.

    Екі бағдарлама бойынша да сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6% (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 6%-дан бастап). Қаржыландырудың ең жоғары сомасы – 5 млрд теңге, несие мерзімі – 7 жылға дейін. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі үш жылға дейін белгіленуі мүмкін.

    Маңызды жайт: бұл бағдарламалар тек асыл тұқымды мал сатып алуға арналған. Тауарлық мал сатып алуға қаржы берілмейді.

    Сатып алынған аналық мал басы кемінде төрт жыл бойы мақсатына сай пайдаланылуы тиіс.

    Өтінім бермес бұрын нені салыстыру керек?

    Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландыру бағдарламасын таңдауды несие мөлшерлемесінен емес, бірнеше маңызды сұраққа жауап беруден бастағаны жөн: қаражат не үшін қажет, табыс қашан түседі және несие қандай қаражат есебінен өтеледі?

    Егер қаржы бір өндірістік циклге қажет болса, ең алдымен, өтеу кестесі маусымдық жұмыстарға бейімделген бағдарламаларды қарастырған дұрыс. Ал техника сатып алу немесе құрылыс салу жоспарланса, несие мерзімі мен жыл сайынғы төлем мөлшері негізгі факторларға айналады. Ірі инвестициялық жобалар үшін өзін-өзі ақтау мерзімі мен несие төлемдерін жобаның жоспарлы өндірістік қуатқа шығу кезеңімен сәйкестендіру мүмкіндігі маңызды.

    Қарыз алушыға қойылатын талаптарды да ескерген жөн. Кепіл мүлкінің болуы, жұмыс тәжірибесінің расталуы, жеке қаражаттың жеткіліктілігі, егіс алқаптарының болуы, өнім өткізу нарықтары мен қажетті құжаттардың болуы несие мөлшерлемесінен кем түспейтін рөл атқаруы мүмкін.

    Бағдарламалардың өзекті талаптары, қарыз алушыларға қойылатын шарттар және қажетті құжаттар тізімі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ресми сайтында жарияланған:www.agrocredit.kz.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары