ШҚО құтқарушылары қысқы кезеңге дайын

    Шығыс Қазақстан облысында қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою үшін қажетті күштер мен құралдар дайындалды. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте ШҚО ТЖД ТЖ жою басқармасының бастығы Эльдар Шаймарданов мәлімдеді.

    Оның айтуынша, өңірде төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 3360 адам мен 905 бірлік техникадан тұратын топ жасақталған. Оның ішінде 318 қар тазалау техникасы, 234 инженерлік, 225 эвакуациялық және 128 өзге де жоғары өтімді техника бар.

    Зардап шеккен тұрғындарды шұғыл эвакуациялау және құтқарушыларды тасымалдау үшін Өскемен қаласының әуежайында ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағы кезекшілік атқарады.

    «Өскемен – Семей» республикалық автожолында зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Ұлан ауданының Привольное ауылында орналасқан Апаттар медицинасы орталығының трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда бұл пункт дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етіліп, қар құрсауында қалған адамдарды жылыту орны ретінде де пайдаланылады.

    Облыс автожолдарында барлығы жеті жылыту пункті жұмыс істейді. Оның төртеуі облыстық, үшеуі республикалық маңызы бар жолдарда орналасқан.

    Сонымен қатар, қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жалпы сыйымдылығы 1325 адамды құрайтын жол бойындағы 28 кафе анықталды. Қажет болған жағдайда олар тұрғындарды жылыту және тамақтандыру пункттері ретінде пайдаланылатын болады.

    «Қазгидромет» филиалымен бірлесіп, дауылды ескертулер туралы ақпаратты тұрақты түрде алу және мүдделі мемлекеттік органдар мен қызметтерді жедел хабардар ету жұмыстары ұйымдастырылған.

    Халыққа төтенше жағдайлар туралы ақпарат ұялы байланыс операторлары арқылы SMS-хабарламалар жіберу, цифрлық теле- және радиоарналар, сондай-ақ кабельдік теледидар арқылы жеткізіледі. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде де ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі.

    Төтенше жағдай туындаған кезде облыс әкімінің өкімімен сирена-сөйлеу құрылғылары іске қосылып, халыққа хабарлау жүйесі жұмыс істейді.

    Қазіргі уақытта техника мен құтқару құралдары жарамды күйде және қысқы жағдайларда жұмыс істеуге дайын.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары