Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымында өрттің және көміртегі тотығымен уланудың алдын алу жұмыстары жалғасуда.
Пешпен жылытылатын үйлерге ерекше назар аударылуда. Профилактикалық рейдтер барысында мамандар пештердің, түтін мұржаларының және желдету жүйелерінің жай-күйін тексереді. Сонымен қатар тұрғындарға жылыту жүйелері мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, түтін мұржаларын уақтылы тазалаудың маңыздылығын ескертеді.
Алдын алу жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі – көміртегі тотығының қауіпті концентрациясын дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін дербес датчиктер орнату. Бұл құрылғылар адам өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алуға көмектеседі. Құтқарушылар аудан және қала әкімдіктерімен бірлесіп, мұндай датчиктерді көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, сондай-ақ жалғыз тұратын азаматтардың үйлеріне орнату жұмыстарын жүргізуде.
Профилактикалық рейдтер басталғалы бері 6 844 үй қамтылып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы 6 974 адамға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді.
Аралау барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының 955-тен астам бұзушылығы анықталды. Оның 549-ы пешпен жылыту жүйелерін пайдалануға қатысты. ШҚО ТЖД қызметкерлерінің уақтылы жүргізген профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар 502 бұзушылықты өз үйлерінде жойды.
ШҚО ТЖД тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, пештердің, түтін мұржаларының және электр сымдарының жарамдылығын үнемі тексеруге шақырады. Сондай-ақ жылыту құрылғыларына уақтылы техникалық қызмет көрсетіп, түтін мұржаларын тазалап отыру қажет. Жанып тұрған пештер мен қосулы тұрған электр жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмау маңызды









