2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында акцизделетін тауарларға салық салу тәртібіне өзгерістер енгізуді көздейтін жаңа Салық кодексінің нормалары қолданысқа енгізілді. Негізгі өзгерістер салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге, тауар айналымының ашықтығын арттыруға және мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес акцизделетін тауарларға алкоголь өнімдерінің жекелеген түрлері, темекі өнімдері, мұнай өнімдері, энергетикалық сусындар және заңнамада көзделген басқа да тауарлар жатады.
Акциз төлеушілер болып Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін тауарларды өндіруді, оларды импорттауды, сондай-ақ Салық кодексінде белгіленген бензинді, дизель отынын және басқа да тауарларды өткізудің жекелеген операцияларын жүзеге асыратын тұлғалар танылады.
2026 жылдан бастап акцизделетін тауарлардың тізбесі кеңейтілді. Атап айтқанда, энергетикалық сусындарға акциз салу енгізілді, сондай-ақ жекелеген қымбат көлік құралдарына, кемелер мен әуе кемелеріне қатысты арнайы ережелер көзделді. Тауарлардың бірқатар санаттары бойынша акциз мөлшерлемелері өзгертілді, оның ішінде алдағы жылдары оларды кезең-кезеңімен арттыру көзделген.
Акцизді дұрыс есептеу үшін салық төлеушілер тауардың түрін, жасалатын операцияның сипатын, салық салу базасын және заңнамада белгіленген мөлшерлемені ескеруі қажет. Сонымен қатар салық есептілігін ұсыну, акциздерді уақтылы төлеу және акцизделетін өнімді өндіруді, сатып алуды және өткізуді растайтын құжаттарды ресімдеу талаптарын сақтау қажет.
Заңнамада көзделген жағдайларда есепке алу-бақылау маркаларын және сәйкестендіру құралдарын қолдануды қоса алғанда, алкоголь және темекі өнімдерінің айналымы кезінде белгіленген талаптардың сақталуына ерекше назар аударылады.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлік субъектілерінің назарын салық заңнамасындағы өзгерістерді уақтылы зерделеу және акцизделетін тауарларды өндіру мен өткізу туралы мәліметтердің анықтығын қамтамасыз ету қажеттігіне аударады.
Белгіленген талаптарды сақтау салықтық құқық бұзушылықтардың туындау тәуекелдерін төмендетуге, тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тең жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Акциздерді есептеу және төлеу тәртібі туралы толық ақпарат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурсында орналастырылған:
https://kgd.gov.kz/ru/section/akcizy
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті









