Абай университетінде «Таза Қазақстан» апталығына 10 мың студент қатысты

    1 / 10

    Абай университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған экологиялық апталық қорытындыланды. Апталыққа оқу орнының 10 мыңға жуық студенті қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтауға бағытталған жұмыстарға өз үлестерін қосты.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуын маңызды мемлекеттік міндет ретінде атап өтіп, бұл талаптың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасының негізгі қағидаттарымен үндес екенін жеткізген болатын.

    Осы мақсатта ұйымдастырылған апталық өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Сонымен қатар студенттердің қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттырып, ортақ іске жұмылдыруды және салауатты өмір салтын насихаттауды көздеді.

    Университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау бастаманың маңыздылығына тоқталып, оның жаңа Конституцияда көрініс тапқан қауіпсіз әрі таза қоғам құру құндылықтарымен сабақтас екенін атап өтті.

    – «Таза Қазақстан» акциясы Мемлекет басшысының бастамасымен жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Ең алдымен, бұл науқан әрқайсымызды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, табиғатты құрметтеуге үндейді. Экологиялық апталық университеттің барлық факультетінде ұйымдастырылды. Бүгінгі қорытынды іс-шараға бес факультеттің студенттері жиналды. Осындай бастамалар арқылы білім алушылар университет қабырғасында кәсіби біліммен қатар патриоттық ұстаным мен азаматтық жауапкершілікті де қалыптастырады, – деді проректор.

    Республика күніне орай ұйымдастырылған экологиялық апталық 30 қазанға дейін университеттің барлық кампусында жалғасты. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдауға бағытталған сенбіліктер мен экологиялық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жыл бойы тұрақты түрде жүргізілмек.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары