«Study in Kazakhstan»: Ualikhanov University Палестинадан келген алғашқы студенттер тобын қабылдады

    1 / 6

    ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Study in Kazakhstan» бағдарламасы аясында Ualikhanov University-де білім алу үшін Палестинадан келген алғашқы студенттер тобы Көкшетау қаласына жетті.

    «Study in Kazakhstan» бағдарламасы шетел азаматтарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беруге, отандық жоғары білімнің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

    2026-2027 оқу жылында аталған бағдарлама аясында Ualikhanov University-ге Индонезия, Таиланд, Палестина, Ауғанстан, Пәкістан және басқа да мемлекеттерден 80-нен астам шетелдік студент оқуға қабылданды. Олардың басым бөлігі университеттің Жоғары медицина мектебінде «Медицина» білім беру бағдарламасы бойынша білім алады.

    Қазіргі уақытта шетелдік студенттердің Қазақстанға келуі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Палестинадан келген алғашқы топта 13 студент бар. Университет тарапынан студенттерді қарсы алу және орналастыру жұмыстары ұйымдастырылып, барлығы жатақханадан орынмен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта қажетті құжаттарды рәсімдеу және білім алушыларды оқу процесіне бейімдеу жұмыстары жүргізіледі.

    Университетте жаңадан қабылданған шетелдік студенттерге арналған таныстыру кездесуі өтті. Оның барысында білім алушылар университеттің оқу инфрақұрылымымен танысып, Жоғары медицина мектебінің басшылығымен кездесті. Кездесуде оқу процесін ұйымдастыру тәртібі, білім беру бағдарламасының ерекшеліктері, академиялық талаптар және студенттерге көрсетілетін қолдау шаралары түсіндірілді.

    Шетелдік студенттердің жаңа әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделуіне де басымдық беріледі. Осы мақсатта университет психологінің қатысуымен арнайы семинар ұйымдастырылып, студенттерге Қазақстандағы өмірге және академиялық ортаға бейімделу, мәдениетаралық қарым-қатынас орнату және психологиялық қолдау алу мәселелері бойынша кеңестер берілді.

    Шетелдік студенттерді тарту және олардың білім алуына қолайлы жағдай жасау – Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін интернационалдандырудың, академиялық ортаның халықаралық ашықтығын арттырудың және отандық жоғары білімнің әлеуетін шетелде ілгерілетудің маңызды бағыттарының бірі.

    «Study in Kazakhstan» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарында шетелдік студенттерге сапалы білім алуға, жаңа ортаға бейімделуге және академиялық әлеуетін дамытуға қажетті жағдай жасау, сондай-ақ халықаралық білім беру ынтымақтастығын кеңейту жұмыстары жалғасады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары