Қазақстан NVIDIA бағдарламалары бойынша оқытушылар мен студенттерді даярлау ауқымын кеңейтеді

    1 / 12

    ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі NVIDIA компаниясымен бірлесіп, жасанды интеллект және жоғары өнімді есептеулер саласында кадрлар даярлау бағытындағы ынтымақтастықты дамытып келеді. Осы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушыларын NVIDIA Deep Learning Institute (DLI) халықаралық бағдарламалары бойынша даярлау.

    Бағдарлама аясында NVIDIA DLI сертификатталған оқытушы-амбассадорларының желісін қалыптастыру көзделген. Олар компанияның халықаралық бағдарламалары бойынша оқыту жүргізіп, ресми оқу және зертханалық материалдарды пайдалана алады. Сондай-ақ университеттерде студенттердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға үлес қосады.

    2026 жылғы 23 қазанда Астанада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангпен кездесуі өтті. Кездесу барысында министр Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін, жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау бағытындағы нәтижелерін және физикалық жасанды интеллектіні (Physical AI) дамыту жөніндегі бастамасын таныстырды.

    Physical AI – жасанды интеллект пен нақты физикалық ортамен өзара әрекеттесетін жүйелерді ұштастыратын бағыт. Бұл технологиялар роботтарды оқытуға, өндірістік процестерді модельдеуге, инженерлік шешімдерді виртуалды ортада сынақтан өткізуге және өнеркәсіптік нысандардың цифрлық егіздерін жасауға мүмкіндік береді. Оларды тау-кен өнеркәсібінде, энергетикада, көлікте және басқа да салаларда қолдану жаңа мүмкіндіктер ашады.

    Бағдарламаның пилоттық кезеңіне Қазақстанның 12 техникалық жоғары оқу орны қатысып жатыр. Төрт оқытушы NVIDIA DLI амбассадоры мәртебесін алып, тиісті халықаралық сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар компанияның оқу материалдарын пайдалана отырып, студенттерді оқыту басталды. Сертификаттау оқытушыларға NVIDIA DLI бағдарламалары бойынша практикалық сабақтар өткізуге және алған білімдерін студенттерге таратуға мүмкіндік береді.

    Алдағы уақытта жинақталған тәжірибені кеңейтіп, бағдарламаға еліміздің 100-ден астам жоғары оқу орнын тарту жоспарланып отыр.

    Бұл бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – Qazaq AI Research University (QAIRU) базасында NVIDIA Physical AI Hub өңірлік орталығын құру жөніндегі ұсыныс. Орталық физикалық жасанды интеллект саласындағы шешімдерді әзірлеу мен сынақтан өткізуге арналған білім беру және зерттеу мүмкіндіктерін біріктіре алады.

    Студенттер мен зерттеушілер NVIDIA Omniverse және Isaac технологияларын пайдаланып, цифрлық егіздер жасау, өндірістік процестерді модельдеу, робототехникалық жүйелерді сынақтан өткізу және нақты өндірістік міндеттерге арналған инженерлік шешімдерді әзірлеу мүмкіндігіне ие болады. Бұл университеттердегі қолданбалы зерттеулерді дамытуға, отандық әзірлемелерді кәсіпорындарда сынақтан өткізуге және кейін оларды өндіріске енгізуге жағдай жасайды.

    Орталық аясында NVIDIA DLI бағдарламалары бойынша оқытушыларды даярлау және сертификаттау алаңын, университеттік зертханаларды, сондай-ақ жаңа технологияларды әзірлеу мен сынақтан өткізуге арналған инфрақұрылымды қалыптастыру ұсынылады.

    Орталық жұмысының басым бағыттары ретінде өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларына арналған цифрлық егіздерді әзірлеу, робототехника мен автономды жүйелерді дамыту қарастырылып отыр. Бастаманы іске асыру қазақстандық жоғары оқу орындарының ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға, сұранысқа ие мамандар даярлауға және отандық инженерлік шешімдерді дамытуға ықпал етеді.

    Орталықты құрудың ұйымдастырушылық форматы мен одан әрі ынтымақтастық шарттарын NVIDIA компаниясымен бірлесіп пысықтау жоспарланып отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары