QyzPU-да «Қытай – Орталық Азия білім беруді зерттеу орталығы» ашылды

    1 / 13

    QyzPU-да «Қытай – Орталық Азия білім беруді зерттеу орталығы» ашылды

    Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қытай – Орталық Азия» II симпозиумы аясында «Қытай – Орталық Азия білім беруді зерттеу орталығы» ашылды. Жаңа орталық Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулерді дамытуға бағытталған.

    Халықаралық симпозиумға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус мүшелері, ғалымдар, профессор-оқытушылар және жас зерттеушілер қатысты.

    Орталықты құру туралы келісімге Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова мен Ланьчжоу университетінің президенті Ян Юнпин қол қойды. Бейбіткүл Кәрімова жаңа орталықтың ашылуы халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және білім беру саласындағы озық тәжірибелерді таратуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ланьчжоу университетінің президенті Ян Юнпин орталық қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, білім беру жүйелерін салыстырмалы зерттеу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу, жоғары білімді басқарудың тиімді модельдерін зерделеу және педагогикалық инновацияларды дамыту мәселелеріне басымдық берілетінін айтты.

    Іс-шараға ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Білім беру ғылымдары және қоғамды дамыту орталығының басшысы Жеңісбек Төлен, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің саяси тобының басшысы Алмаша Аренова, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

    Симпозиумның ғылыми бөлімінде цифрлық және зияткерлік білім беру, университеттерді басқару, оқу бағдарламаларын әзірлеу, білім беру үдерісін цифрландыру, жасанды интеллект дәуірінде IT мамандарына қажетті дағдыларды қалыптастыру, инженерлік білім берудің даму үрдістері және жоғары білімді интернационалдандыру мәселелері талқыланды.

    Симпозиум аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Цицикар инженерлік институты және Сиань Еуразия университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар білім беру және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, академиялық байланыстарды нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары