2026 жылғы 22 қазанда М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Тәжірибе алаңы: тіл. Әдістеме. Нәтиже» атты қалалық әдістемелік семинар өтті. Кәсіби диалог алаңына Орал қаласындағы мектептердің 42 пән мұғалімі мен болашақ филолог студенттер қатысты.
Іс-шараны Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Орал қаласының білім беру бөлімі және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Батыс Қазақстан облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.
Семинардың мақсаты – қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін талқылау, педагогикалық тәжірибе алмасу және болашақ филологтардың кәсіби дамуына бағыт-бағдар беру.
Семинар барысында үш спикер өз тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі, педагог-шебер, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Байжиенова Ақерке Орынқызы «Әдебиет – құндылықтар айнасы» тақырыбында баяндама жасады. Ол көркем шығармаларды талдау арқылы оқушылардың әдеби сауаттылығын дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелерін қозғады.
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі, NIS мұғалім-модераторы, педагогика ғылымдарының магистрі Мунбаев Сәкен Ханатович «Коммуникативтік әдістеме аясында оқылым дағдысын дамыту жолдары» тақырыбында сөз сөйлеп, оқушылардың оқылым дағдыларын жетілдірудің тиімді жолдарын ұсынды.
Ал Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы білім беретін қайырымдылық орта мектебінің (Келешек мектебі) педагог-зерттеушісі, ғылым магистрі Бекташева Гүлнұр Тоқтарбековна «Дұрыс промпт жазу өнері: ЖИ-мен жұмыс жасаудың практикалық нұсқаулығы» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде тиімді қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Семинар педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына, оқытудың заманауи әдістерін талқылауына және болашақ филологтардың кәсіби бағдарын нығайтуға мүмкіндік берді.









