Орал қаласында семинар-кеңес өтті

    «Атамекен» өнер ордасының мәжіліс залында Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Ономастикалық жұмысты ұйымдастырудың тиімді тетіктері: тәжірибе және ұсыныстар» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

    Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың ономастика саласына жауапты мамандары, қоғам қайраткерлері, қоғамдық пікір көшбасшылары мен ғалымдар қатысты.

    Семинар-кеңестің негізгі мақсаты – жергілікті атқарушы органдардағы ономастика саласына жауапты бөлімдердің жұмысын жандандыру, мамандардың кәсіби білімі мен біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру, сондай-ақ саладағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

    Жиын барысында филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ономаст-ғалым Ұлдай Ержанова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жаңабек Жақсығалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Хасанов ономастика саласының өзекті мәселелеріне тоқталып, ғылыми-тәжірибелік тұрғыда ой-пікірлерімен бөлісті.

    Семинар аясында Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бөлімінің басшысы Света Ганиева ономастика саласындағы қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде баяндама жасап, жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылуы тиіс жұмыстар мен рәсімдік талаптарды түсіндірді.

    Басқосу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Әсіресе, атауларды өзгерту мен қайта атау кезінде тарихи сабақтастықты сақтау, ғылыми негіздемелерді сапалы әзірлеу, архивтік деректер мен тарихи құжаттарды тиімді пайдалану, қоғамдық пікірді ескеру және түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселелері сөз болды.

    Семинар-кеңес қорытындысында ономастикалық жұмыстарды ұйымдастырудың тиімді жолдары сараланып, жергілікті деңгейде сала жұмысын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар айтылды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы" жаңалықтары