Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі

    1 / 2

    Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып. Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын.

    «Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым. Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек.

    Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр.

    Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы.

    «Қазақ тілі» қоғамының бұл құрылтайы шын мәнінде тарихи сәтте, яғни, қасиетті Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығының қарсаңында өтіп жатыр.

    Қазақстан Егемендік жолының осындай айтулы межесіне беделі биік, болашағы жарқын ел ретінде қадам басып отыр.

    Ұлтымыздың Бас құжатында, яғни Конституциямызда еліміздің тамыры терең тарихы мен бітім-болмысы, болашақтағы бейнесі айқындалды. Атап айтқанда, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің конституциялық мәртебесі тайға таңба басқандай жазылды.

    Жалпы, Конституция халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай жазылды. Қазақстанның Конституциясы кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат деп күмәнсіз айтуға болады.

    Осы ауқымды жұмысқа білікті заңгерлермен қатар, филология саласының тәжірибелі ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да белсене қатысты.

    Мұның бәрі қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының айқын көрінісі екені сөзсіз.

    Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес.

    Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау, бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек.

    Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді.

    Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс табуда. Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті. Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты.

    Елімізде сан алуан цифрлық платформалар табысты жұмыс істеп тұр. Оның бәрі қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады.

    Мәселен, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген.

    Ал Yandeх компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр. Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі.

    «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек.

    Ең біріншіден, алдымызда қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау міндеті тұр.

    Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек.

    Қазақ тілін білетін адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды танып-біледі. Тілді меңгерген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінеді.

    Халқымызда «Әдеп басы – тіл» деген аталы сөз бар. Сондықтан осы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері, жалпы, тілімізді үнемі қолдайтын азаматтар белсене атсалысуы керек.

    Бәріңізге тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін. «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлына да алғыс айтамын.

    Мен бүгін еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік марапат тапсыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға құтты болсын!

    Қастерлі Отанымыз – Қазақстан мен қасиетті құндылығымыз – қазақ тілі жасай берсін!

    https://www.akorda.kz/

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы" жаңалықтары