Аманжолов университетінің ғылыми әзірлемелері халықаралық көрмеде таныстырылды
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Powerexpo Almaty 2026» халықаралық көрмесіне қатысып, энергетика, электротехника және машина жасау салаларына арналған ғылыми әзірлемелерін көпшілік назарына ұсынды. 21-23 қазан аралығында Алматы қаласында өтіп жатқан көрме аясында университеттің «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми нәтижелері таныстырылды.
Ұсынылған әзірлемелер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан екі ғылыми бағдарлама аясында дайындалған. Атап айтқанда, «Құралдар, машина мен жабдықтар бөлшектерінің эксплуатациялық қасиеттерін арттыру үшін беттік өңдеу және композициялық қорғаныш жабындарын алу технологияларын әзірлеу және апробациялау» және «Электр разрядты құбылыстардың ағымына негізделген өңдеудің негізгі әдістері мен тәсілдерін дамыту және оларды машина жасау өндірісіне енгізу» бағдарламалары. Аталған ғылыми бағдарламалар машина мен жабдықтар бөлшектерінің пайдалану сипаттамаларын жақсартуға арналған беттік өңдеу және қорғаныш жабындарын қалыптастыру технологияларын дамытуға, сондай-ақ электр разрядты өңдеу әдістерін жетілдіріп, оларды машина жасау өндірісіне енгізуге бағытталған.
Зерттеулердің негізгі ерекшелігі – іргелі және қолданбалы ғылыми ізденістерді өндірістің нақты қажеттіліктерімен ұштастыру. Осы бағытта Қазақстанның тау-кен металлургиясы, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ өнеркәсібінде қолданылатын машиналар мен жабдықтардың бөлшектерін беріктендіруге арналған ғылыми-технологиялық шешімдер әзірленді.
Атап айтқанда, детонациялық, ауа-плазмалық және газ-жалынды бүрку, жоғары жылдамдықты оттекті бүрку (HVOF), электрдоғалық металдандыру, электролитті-плазмалық өңдеу, лазерлік және плазмалық шынықтыру технологиялары бойынша ғылыми әзірлемелер ұсынылды. Сонымен қатар атомдық-қабаттық тұндыру (ALD) және физикалық бу фазасынан тұндыру (PVD) әдістеріне қатысты зерттеу нәтижелері таныстырылды.
Көрме барысында университет ғалымдары отандық және шетелдік кәсіпорындардың өкілдерімен кәсіби тәжірибе алмасып, ғылыми әзірлемелерді өндірістік жағдайда сынақтан өткізу, өндіріске енгізу және коммерцияландыру мәселелерін талқылады. Бұл өз кезегінде университет пен өндіріс орындары арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуге және зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызын арттыруға мүмкіндік береді.









