ҚазҰУ-да аккумуляторларды қайта өңдеу цехы ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде пайдаланылған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеуге арналған пилоттық цех ашылды. Жаңа өндірістік алаңда аккумуляторларды қайта өңдеу және олардың құрамындағы бағалы металдар мен басқа да пайдалы материалдарды бөліп алу технологиялары сынақтан өткізіледі.
Салтанатты ашылу рәсіміне университет басшылығы, отандық және шетелдік ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Жоба қоршаған ортаны қорғауға және қалдықтарды тиімді басқаруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының мақсаттарына сәйкес келеді.
Жиында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева ғылыми зерттеулерді дамыту және инновациялық технологияларды өндіріске енгізу маңыздылығына тоқталды.
Проректордың айтуынша, мұндай жобалар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, отандық ғалымдарға қолданбалы зерттеулер жүргізуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бастама тұрақты даму қағидаттарын іске асыруға үлес қосады.
Цех жетекшісі Фёдор Мальчиктің айтуынша, қайта өңдеу барысында аккумуляторлар алдымен қауіпсіз түрде қуатсыздандырылады, содан кейін ұсақталып, құрамдас бөліктеріне қарай сұрыпталады. Нәтижесінде құрамында белсенді материалдар бар «қара масса» алынады. Алдағы уақытта осы шикізаттан бағалы компоненттерді бөліп алу көзделіп отыр.
Шара барысында қатысушыларға жаңа жабдықтар мен қайта өңдеу процесінің негізгі кезеңдері таныстырылды. Цехта аккумуляторларды ұсақтауға арналған Fante 400 қос білікті шредері, материалдарды өлшеміне қарай сұрыптайтын DZSF-515 дірілдеуік елеуіші және компоненттерді бөлуге арналған NG-706 құрылғысы орнатылған.
Айта кетейік, пилоттық цех бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жоба шеңберінде ашылды.









