Әуезов университетінде өндіріс талаптарына сай маман даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашылды

    1 / 12

    Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында білім мен ғылымды, озық инновацияларды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде дамыту міндеті айқындалған. Осы бағытта Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті білім беру сапасын арттыруға, дуалды оқытуды дамытуға және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге басымдық беріп отыр.

    Университетте серіктес компаниялардың қолдауымен электр энергетикасы саласындағы мамандардың практикалық даярлығын жетілдіруге арналған екі жаңа оқу кабинеті ашылды. Alageum Group компаниясының демеушілігімен жабдықталған «Электр энергетикасы» кабинеті болашақ инженерлерге энергетикалық жабдықтардың құрылымы мен жұмыс істеу принциптерін тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді. Ал CHINT компаниясының заманауи электротехникалық жабдықтарымен жарақтандырылған аудиторияда студенттер өндірістік технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады.

    Жаңа кабинеттердің ашылу рәсімінде университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген жоғары білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңызын атап өтті.

    «Болашақ маман өндірістік үдерістерді түсініп, цифрлық технологияларды еркін меңгеріп, нақты өндірістік мәселелерді шешуге қабілетті болуы қажет. Сондықтан жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейту – уақыт талабы. Осы бағыттағы әрбір бастама мемлекет болашағына салынған маңызды инвестиция», – деді ректор.

    Іс-шара университет пен өңірлік бизнес арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған іскерлік форуммен жалғасты. Университет пен Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырған кездесуге өңірдің 100-ден астам кәсіпкері қатысты.

    Форум барысында еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің талаптарына бейімдеу, дуалды оқытуды жетілдіру, студенттердің өндірістік тәжірибесі мен жұмысқа орналасуына жағдай жасау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері талқыланды. Университет ғалымдары кәсіпкерлерге өңір экономикасын дамытуға бағытталған патенттелген және коммерцияландыруға ұсынылған ғылыми жобаларын таныстырды. Студенттер энергетика, фармацевтика, экология және өндірістік үдерістерді цифрландыру салаларындағы стартаптарын ұсынды. Кәсіпкерлер өз кезегінде студенттерге өндірістік экскурсиялар ұйымдастыруға, оларды кәсіпорындардың жұмысымен таныстыруға және дуалды оқыту жүйесін қолдауға дайын екендерін білдірді. Сонымен қатар олар перспективалы студенттік стартаптар мен ғылыми әзірлемелерді қолдау, оларды қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

    Форумның қорытындысы бойынша Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кадр даярлау, дуалды білім беруді дамыту, студенттердің өндірістік тәжірибесі мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және инновациялық жобаларды бірлесіп іске асыру бағыттарындағы серіктестікті кеңейтуді көздейді.

    Іс-шара соңында қатысушылар университеттің ғылыми жобалар көрмесін аралап, оқу үдерісін бақылауға арналған ситуациялық орталықтың жұмысымен танысты. Аталған бастамалар жоғары білімнің практикалық бағытын күшейтуге, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты дамытуға және өңір экономикасының қажеттіліктеріне сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары