29 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттер ғалымдарының VI форумы ашылды. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық ғылыми жиын сегіз мемлекеттің ғылым академияларының басшылары мен жетекші ғалымдарын, ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдерін біріктірді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай ұйымдастырылған форум «Жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым: ынтымақтастық пен дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбына арналды. Халықаралық ғылыми алаңның жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері қатысуда. Іс-шараның басты мақсаты – ғылыми ықпалдастықты нығайту, бірлескен зерттеулерді дамыту, сондай-ақ ғылым мен экономиканың өзекті міндеттерін шешу үшін Достастық елдерінің зияткерлік және технологиялық әлеуетін біріктіру.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форумға қатысушыларға жолдаған құттықтау сөзінде жасанды интеллектінің іргелі және қолданбалы зерттеулерге жаңа мүмкіндіктер аша отырып, ғылыми прогресс пен экономикалық өсудің шешуші факторларының біріне айналып келе жатқанын атап өтті. Қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында мемлекеттердің ғылыми әлеуетін біріктіру және халықаралық ынтымақтастықтың тұрақты тетіктерін дамыту ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
«Ғылыми-технологиялық әлеуеті қаншалықты жоғары болса да, ешбір мемлекет жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жеке-дара толық іске асыра алмайды. Зияткерлік, инфрақұрылымдық және зерттеу ресурстарын біріктіру елеулі ғылыми нәтижелерге қол жеткізудің қажетті шартына айналып отыр», – делінген министрдің құттықтау сөзінде.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев жасанды интеллектінің дамуы ауқымды деректерді өңдеуді, күрделі үдерістерді модельдеуді және ғылыми гипотезаларды тексеруді жеделдетіп, ғылыми қызметтің сипатын түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге жаңа технологияларды кеңінен енгізу ғылыми нәтижелердің дәйектілігі, ақпаратты қорғау, зерттеу этикасы және қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік мәселелеріне айрықша назар аударуды талап ететінін айтты.
«Жасанды интеллект зерттеушінің мүмкіндіктерін кеңейте алады, алайда ғылыми әдісті, сыни ойлауды және кәсіби жауапкершілікті алмастыра алмайды. Түпкілікті ғылыми тұжырым мен шешім ғалымның құзыретінде қалуға тиіс. Қоғамның жаңа технологияларға сенімін қалыптастыру үшін дәл осындай ұстаным қажет», – деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев.
Академия басшысы өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауына ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект негізінде цифрлық экономиканы қалыптастыруды ұзақ мерзімді жалпыұлттық міндет ретінде айқындап, базалық ақпараттандырудан озық технологияларды ауқымды түрде іс жүзінде енгізуге көшу қажеттігін атап өтті. Бұл ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқарудан бастап көлік инфрақұрылымы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі негізгі салаларды жүйелі цифрлық трансформациялауды көздейді. Осы тұрғыдан қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту, технологиялар трансфертін жеделдету және отандық ғылымның практикалық нәтижелілігін арттыру айрықша өзектілікке ие.
Мемлекет белгілеген басымдықтарға сәйкес Ұлттық ғылым академиясы елдің стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Атап айтқанда, Кореяның ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI) бірлесіп, әлемдік ғылыми-технологиялық үрдістерді талдауға, перспективалы зерттеу бағыттарын айқындауға және технологиялар трансфертінің мүмкіндіктерін анықтауға арналған AI SilkNet орталығы құрылды. Сонымен қатар Академия ғылыми үдерістің барлық кезеңіне – деректерді талдау мен гипотезаларды қалыптастырудан бастап эксперименттер жүргізуге, нәтижелерді тәуелсіз тексеруге және оларды практикаға енгізуге дейін – жасанды интеллектіні кіріктіруді көздейтін Qazaqstan AI for Science жобасына бастамашы болды.
Бұл бағыттағы жұмыстың нақты жалғасы – қытайлық академиктермен бірлесіп әзірленіп жатқан DeepBAS кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект платформасы. Оның алғашқы пилоттық жобасы су балансын болжауға, құрғақшылық пен су тасқыны тәуекелдерін бағалауға бағытталған. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен 2027 жылдан бастап тиісті жасанды интеллект агентін еліміздің үш ірі су бассейнінде пилоттық режимде енгізу көзделген. Мұндай бастамалар стратегиялық басқару шешімдерін қабылдау барысында озық ғылыми әзірлемелерді пайдалануға негіз қалайды.
Нәтижелі ғылыми әріптестіктің мысалы ретінде Академия басшысы Ресей Ғылым академиясымен бірлесіп құрылған Агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологиялар жөніндегі Қазақстан–Ресей орталығының қызметіне тоқталды. А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының базасында аумағы 70 гектар болатын KazAgroCarbon көміртек полигоны жұмыс істейді. Мұнда топырақтағы көміртек қоры, парниктік газдар динамикасы және көміртекті егіншілік технологиялары зерттелуде. Алдағы жұмыстың перспективалы бағыттарының бірі – агроклиматтық деректерді талдау және селекциялық зерттеулерді жеделдету үшін жасанды интеллектіні қолдану.
Форум аясында жасанды интеллектіні әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерде, білім беру мен мемлекеттік басқаруда, агроөнеркәсіп кешені мен агроэкологиялық жүйелерде, дербестендірілген медицина мен геномикада, сондай-ақ тұрақты даму, климат, геодеректер, жаңа материалдар және энергетика салаларында қолдану мәселелеріне арналған төрт тақырыптық дөңгелек үстел өткізу көзделген. Халықаралық зерттеу ұжымдарын қалыптастыруға, бірлескен пилоттық жобаларды әзірлеуге, ғылыми деректермен алмасуға және ғалымдардың жаңа буынын даярлауға ерекше назар аударылады.
Халықаралық іс-шараның бағдарламасына ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің XIV отырысы да енгізілген. Отырыс академияаралық байланыстарды нығайтуға, бірлескен іргелі зерттеулерді дамытуға және ғылыми қызметте жасанды интеллектіні қолданудың келісілген тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етуге бағытталған.
Айта кетейік, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер ғалымдарының форумы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді және ғылыми диалогтің маңызды халықаралық алаңдарының бірі ретінде танылған. Бұған дейін ғалымдардың кездесулері Мәскеу, Ереван, Минск, Бішкек және Душанбе қалаларында өткен. Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы аталып өтіп жатқан жылы VI форумның Қазақстанда ұйымдастырылуы еліміздің халықаралық ғылыми беделін нығайту, академиялық әріптестікті кеңейту және ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыру тұрғысынан айрықша мәнге ие.
Форум жұмысы 30 қазанда жалғасады. Екі күндік талқылаулардың қорытындысы бойынша бірлескен зерттеулерді дамытуға, озық технологияларды енгізуге және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастығының тетіктерін қалыптастыруға бағытталған қорытынды құжаттар мен ұсынымдарды қабылдау жоспарланып отыр.








