Қазақстанда ең үздік қолжетімді техникалар бойынша 24 салалық анықтамалық бекітілді: IGTIC өнеркәсіпті экологиялық жаңғырту бағытындағы жұмыстарын жалғастырады

    Қазақстанда еліміздің өнеркәсібінің негізгі бағыттарын, оның ішінде энергетика, тау-кен өндіру және металлургия салаларын, химия өндірісін және экономиканың басқа да секторларын қамтитын еңүздікқолжетімді техникалар (ЕҚТ) бойынша 24 салалық анықтамалық әзірленіп, бекітілді. 2026 жылы анықтамалықтар экологиялық заңнаманың жаңартылған талаптарына сәйкес қайта бекіту рәсімінен өтті.

    ЕҚТ жүйесін дамыту, салалық әдістемелік базаны жетілдіру және өнеркәсіптік кәсіпорындардың заманауи экологиялық стандарттарға көшуін сүйемелдеу жұмыстарын «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ-ның (IGTIC) Ең үздік қолжетімді техникалар бюросы жүзеге асырады.

    Анықтамалықтарды әзірлеу және өзектендіру Қазақстан өнеркәсібінің ерекшеліктерін, халықаралық тәжірибені және кәсіпорындардың техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып жүзеге асырылады. Бұл үдерісте мемлекеттік органдардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың, ғылыми ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктіретін техникалық жұмыс топтары маңызды рөл атқарады.

    ЕҚТ-ға көшудің маңызды кезеңдерінің бірі – кешенді технологиялық аудит (КТА) жүргізу. Ол өндірістік процестердің қазіргі жай-күйін, пайдаланылатын жабдықтарды, шикізат, су және энергетикалық ресурстарды тұтыну тиімділігін бағалауға, сондай-ақ қоршаған ортаға әсер етудің негізгі көздерін анықтауға мүмкіндік береді.

    Аудит аясында мамандар кәсіпорындардың технологиялық сызбаларын зерделейді, шығарындылардың, төгінділердің және қалдықтардың түзілуін талдайды, қолданыстағы табиғатты қорғау іс-шараларын қарастырады, сондай-ақ өндірістің экологиялық және ресурстық тиімділігін арттыру мүмкіндіктерін бағалайды. КТА нәтижелері ЕҚТ бойынша анықтамалықтарды әзірлеуге негіз болады.

    ЕҚТ бойынша анықтамалықтар кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алуға арналған құрал болып табылады. ҚР Экология кодексіне сәйкес, кешенді экологиялық рұқсат алу I санаттағы объектілер үшін көзделген. КЭР кәсіпорын қызметінің экологиялық шарттарын ЕҚТ-ның қолданылатын талаптарын ескере отырып белгілейді. Бұл тетік өндірістік қызметтің қоршаған ортаға әсерін реттеуде негізінен нормативтік бақылаудан кешенді реттеу жүйесіне көшуге ықпал етеді.

    Кәсіпорындар үшін ЕҚТ енгізу өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен жаңғыртуға, энергия тиімділігін арттыруға, табиғи ресурстарды тұтынуды қысқартуға және экологиялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.

    Қазіргі уақытта Орталық Азия ЕҚТ бюросын құру мәселесін Орталық пысықтап жатыр. Бұл бастама алғаш рет БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қатысушылардың 29-конференциясында (COP29) халықаралық қоғамдастыққа таныстырылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі" жаңалықтары