ШҚО-да шетел азаматтарының уақытша тұруына арналған жалған рұқсаттар анықталды
Өскемен қаласының көші-қон қызметінің қызметкерлері жедел профилактикалық іс-шаралар барысында шетел азаматтарының уақытша тұруына арналған үш жалған рұқсат құжаттарын анықтады. Олар белгіленген рәсім бойынша ресімделмеген және уәкілетті бөлімше берген құжаттар есебінде болмаған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, құжаттарды дайындауға 28 жастағы жергілікті тұрғынның қатысы бар. Рұқсат қағаздары көршілес мемлекеттен келген 25, 33 және 37 жастағы үш азаматқа жасалынған.
Ресми есептік деректерді тексеру нәтижесінде аталған құжаттардың көші-қон қызметі тарапынан берілмегені расталды.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабы — «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Әйелге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
ШҚО Полиция департаменті шетел азаматтарының Қазақстан аумағында заңды түрде болуы белгіленген тәртіппен ресімделген құжаттар болған жағдайда ғана мүмкін екенін ескертеді. Жалған рұқсаттарды пайдалану заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









