ШҚО-да 100-ге жуық студентке есірткі қаупі мен киберқылмыс туралы ескертілді
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Заңды сақта және медиақауіпсіздік» тақырыбында студенттермен диалог алаңы өтті. Кездесуге 100-ге жуық студент қатысып, оларға құқықтық сауаттылық, құқық бұзушылықтың алдын алу және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері түсіндірілді.
Талқылауға Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің, Өскемен қаласы прокуратурасының қызметкерлері және «Esbol» қорының өкілдері қатысты.
Есірткінің зияны және жастарды заңсыз әрекеттерге тарту үшін қолданылатын айла-тәсілдер туралы Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Мади Қалиақпаров айтып берді. Ол оңай табыс табуға уәде беретін ұсыныстардың артында есірткі таратумен байланысты заңсыз жұмыс тұруы мүмкін екенін ескертті. Мұндай әрекеттердің бірі – есірткі жасырылған орындарды көрсететін курьер болу. Оның соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбек дропперлік, дропповодтық және активаторлықтың қауіпті тұстарын түсіндіріп, жастардың заңсыз қаржылық схемаларға тартылу тәуекелдеріне тоқталды. Студенттерге банк карталарын, шот деректерін және қаржылық сервистерге қолжетімділікті бөгде адамдарға беруге болмайтыны түсіндірілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қауіпті ұсыныстарды ажырату және заманауи қатерлерден қорғану бойынша практикалық кеңестер алды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









