Төмен бағадағы қысқы шиналар: ШҚО-да алаяқтықтың жаңа тәсілдері туралы ескертуде
Қысқы маусым қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында автокөлік шиналарын сату сылтауымен азаматтарды алдайтын интернет-алаяқтар пайда болды.
Олар әлеуметтік желілер мен интернет-сауда алаңдарында қысқы шиналарды нарықтағыдан төмен бағамен сататыны туралы жалған хабарландырулар жариялайды. Сатып алушылардан алдын ала төлем жасауды сұрап, ақша алғаннан кейін байланысқа шықпай қояды. Нәтижесінде тапсырыс берілген тауар жеткізілмейді.
Полиция ақша аударуға асықпауға, сатушы туралы ақпарат пен сатып алушылардың пікірлерін тексеруге, сондай-ақ тым арзан ұсыныстарға сақтықпен қарауға кеңес береді. Күдікті сілтемелерге өтпеңіздер және ешкімге SMS-кодтар мен банк картасының деректерін бермеңіздер.
Интернет арқылы сауда жасағанда сақ болыңыздар. Күмәнді ұсыныстарға сеніп, ақшаларыңыздан айырылып қалмаңыздар.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









