Таразда жасанды интеллекттің тіл үйретудегі мүмкіндіктері талқыланды

    1 / 6

    Тараз қаласында «Жасанды интеллект: тіл үйретудегі рөлі мен мүмкіндігі» тақырыбында республикалық семинар өтті. Басқосуда тіл оқытудың заманауи әдістемелері, білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу және оның тиімді мүмкіндіктері талқыланды.

    Жиынды Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Терлікбаев құттықтау сөзімен ашты. Семинарға Тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Дәурембеков модераторлық етті.

    Республикалық семинар екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар мен сала мамандары ғылыми-теориялық бағытта баяндама жасап, тіл білімінің өзекті мәселелерін, тіл үйретудегі инновациялық тәсілдер мен жасанды интеллектінің әлеуетін ортаға салды.

    Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақбота Мырзаханова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты психолингвистика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, PhD докторант Елімай Шынатай, М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің» «Журналистика және филология» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Меруерт Көпбаева, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті дайындық орталығының директоры, PhD, доцент Гүлбану Думан және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жасанды интеллект бөлімінің инженері, қолданбалы жасанды интеллект магистранты Дархан Өмірбай баяндама жасады.

    Семинардың екінші бөлімі тәжірибе алмасу алаңына айналды. Ақтөбе облысы тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлсайран Төлегенова, Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Райымбек аудандық филиалының меңгерушісі Аяла Ұлан және Жамбыл облыстық Тілдерді оқыту орталығы ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Айгерім Байғабыл тіл үйрету барысында қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, өз тәжірибелерін таныстырды.

    Іс-шара аясында қатысушыларға Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде өңірлерден келген мамандарға облыстың тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік берді.

    Семинар қорытындысында қатысушыларға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысы Ерлан Жүнісбайдың алғыс хаттары табысталды. Марапаттарды басқарма басшысының орынбасары Әлібек Мамытжанұлы тапсырды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы" жаңалықтары