Таразда «Қола домбыра» республикалық жас ақындар айтысының облыстық іріктеу кезеңі өтті

    1 / 15

    Таразда Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың 114 жылдығына орай «Ұлт тұлғасын ұлықтаған ұрпақ үні» тақырыбында «Қола домбыра» республикалық жас ақындар айтысының облыстық іріктеу кезеңі өтті.

    Іс-шара Д.А. Қонаев атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің қолдауымен, Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы және Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.

    Айтысқа облыстың аудандары мен Тараз қаласынан 10-18 жас аралығындағы 8 мектеп оқушысы қатысты. Өнер додасының мақсаты - мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өнегелі өмірі мен ел дамуына сіңірген еңбегін жас ұрпаққа насихаттау, ұлттық руханият пен дәстүрлі өнерді дәріптеу, сондай-ақ жас ақындардың шығармашылық әлеуетін арттырып, айтыс өнерінің дамуына қолдау көрсету.

    Қатысушылардың өнері орындаушылық шеберлігі, әдеби тіл байлығы, сахна мәдениеті, тақырыпты ашуы, дәстүрлі айтыс мақамын қолдануы және қарсыласқа жауап беру шеберлігі бойынша бағаланды. Қазылар алқасының құрамында төрағасы, айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов, айтыскер ақын, журналист Есет Досалы және - Д.А. Қонаев атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің төрағасы Қибат Асқарбеков болды.

    Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Жамбыл ауданының намысын қорғаған Мирас Жамалбекке бұйырды. І орын Жамбыл ауданынан қатысқан Абай Досымға, қос ІІ орын байзақтық Райымбек Керімбай мен меркілік Назгүл Ерланқызына бұйырды. Жүлделі қос ІІІ орынды тараздық Мансұр Алишев пен Ақбота Асқар иеленді. Сонымен қатар, Тараз қаласының жас ақындары Ұлықбек Дүкенбай мен Ержігіт Ораз айтысқа белсенді қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

    Айта кетейік, бас жүлде жеңіп алған Мирас Жамалбек Астанада өтетін «Қола домбыра» республикалық жас ақындар айтысына жолдама алды. Енді Мирас облыстың намысын Елордада қорғайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы" жаңалықтары