«Тарихпен тілдесу»: Күзембай Байбосыновтың 85 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

    1 / 15

    «Тарихпен тілдесу»: Күзембай Байбосыновтың 85 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

    Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен көрнекті тарихшы, археолог, өлкетанушы Күзембай Байбосыновтың 85 жылдығына арналған «Тарихпен тілдесу» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

    Іс-шара аясында алдымен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірінші экспозициялық залында ғалымның мерейтойына арналған экспозициялық бұрыштың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Жиында ғалымның шәкірттері, отбасы мүшелері мен музей ардагерлері сөз сөйлеп, оның ғылыми ізденістері, кәсіби жолы және өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге сіңірген еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті.

    Экспозициялық бұрышқа Күзембай Байбосыновтың өмірі мен ғылыми қызметінен сыр шертетін құжаттар, фотосуреттер және өзге де құнды материалдар қойылды. Көрме ғалымның археологиялық зерттеулерін, өлкетану саласындағы еңбектерін және Жамбыл өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерделеуге қосқан үлесін таныстырады.

    Салтанатты рәсімнен кейін конференцияның пленарлық отырысы өтті. Жиынды Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Нұрманұлы ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Отырысқа Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Асқар Абдуалы модераторлық етті.

    Пленарлық отырыста Күзембай Байбосыновтың Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеуге қосқан үлесі, Шу-Талас өңіріндегі ортағасырлық қалаларды зерделеу, байырғы түрік мұрасы, музей кеңістігіндегі тас мүсіндер және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері бойынша баяндамалар жасалды.

    Конференция барысында Қазақстан археологиясы мен өлкетану ғылымының, музей ісі мен тарихи-мәдени мұраны қорғаудың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Ғалымдар мен зерттеушілер өзара пікір алмасып, тарихи мұраны зерттеу мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

    Ғылыми-практикалық конференция қорытындысында Күзембай Байбосыновтың бай ғылыми мұрасын насихаттау, оның еңбектерін кейінгі ұрпаққа таныту және Жамбыл өңірінің тарихи-мәдени құндылықтарын зерттеу бағытындағы ғылыми ізденістерді жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

    Күзембай Байбосынов 1941 жылғы 10 қазанда Жамбыл облысы Байзақ ауданының Қызыл жұлдыз ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесін, 1968 жылы Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1968–1984 жылдары Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, ал 1984–1998 жылдары директор және бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғалымның өмір жолы мен ғылыми еңбектері өңірдің тарихын зерделеу және тарихи-мәдени мұрасын сақтау ісімен тығыз байланысты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы" жаңалықтары