NEW SILK WAY форумында Орта дәлізді дамыту мәселелері талқыланды

    1 / 8

    «NEW SILK WAY» халықаралық бизнес-форумы аясында Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға, оның транзиттік әлеуетіне және тасымалдар тиімділігін арттыруға арналған панельдік сессия өтті.

    Шараға Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов, Дүниежүзілік банктің Қазақстан және Түрікменстан бойынша директоры Андрей Михнев, Өзбекстан Республикасы Көлік министрлігінің Көлік және логистиканы дамыту мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бекзод Холматов, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты.

    Өз сөзінде Нұржан Келбұғанов Орта дәліздің Қазақстан үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, оның елдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге және транзиттік әлеуетін нығайтуға қосатын үлесіне тоқталды.

    «Соңғы бес жылда біз бағытты дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік: жүк ағынының көлемі бес еседен астам өсті, ал жеткізу мерзімі үш есе қысқарды. Бүгінде теміржол бағыттары мен шекаралық өткелдерден бастап Каспий теңізіндегі порттарға дейінгі тасымал тізбегін толық қамтитын көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде», – деп атап өтті ол.

    Қазақстан өз тарапынан дәліз бойынша тасымал көлемін одан әрі ұлғайту үшін қажетті инфрақұрылымдық негізді жүйелі түрде нығайтып келеді. Теміржол желісін дамыту, оның ішінде жаңа теміржол желілерін салу және қолданыстағы желілерді жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Ақтау және Құрық порттарының терминалдық қуаттары кеңейтіліп, контейнерлік хаб пайдалануға берілді. Порт инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыру және тасымалдардың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында су түбін тереңдету жұмыстары да жүргізілуде.

    Сессия барысында тасымалдау процесін цифрландыруға, электрондық құжат айналымын дамытуға және теміржол әкімшіліктерінің ақпараттық жүйелерін интеграциялауға ерекше назар аударылды.

    Талқылауға қатысушылар Орта дәлізді дамытудың келесі кезеңі инфрақұрылымдық қуаттарды арттырумен ғана шектелмей, тасымалдардың сенімділігін, тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

    Инфрақұрылымды, цифрлық шешімдерді және елдер арасындағы өзара іс-қимылды үйлесімді дамыту ТХКБ-ның халықаралық көлік-логистикалық тізбектердегі рөлін одан әрі нығайтудың маңызды шарты болмақ.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары