Павлодар облысында Көлік вице-министрінің халықпен кездесуі өтті

    1 / 12

    2026 жылғы 27 қарашада Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Павлодар облысының тұрғындарымен кездесу өткізді.

    Кездесу барысында өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту, автомобиль жолдарының жай-күйі, теміржол және автобус қатынасы, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

    Атап айтқанда, тұрғындар «Нұрлы жол» Ақсу көпіріндегі және Павлодар – Успенка автомобиль жолындағы жол жамылғысын жөндеу, Май және Баянауыл аудандарын байланыстыратын жол салу, сондай-ақ Исабек Ишан Хазірет кесенесіне қатынайтын жолды қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

    Сонымен қатар облыстың автомобиль жолдарында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын орташа жөндеу жобалары бойынша ведомстволық сараптаманың қолданылу мерзімін ұзарту перспективалары қаралды.

    Жолаушылар тасымалы мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Тұрғындар Павлодар – Мәскеу тікелей теміржол қатынасын қайта жандандыру, Павлодар – Астана автомобиль жолының жиі жабылуына байланысты қысқы кезеңде вагондар санын көбейту, сондай-ақ Павлодардан субсидияланатын әуе бағыттарының желісін кеңейту мүмкіндіктері туралы сұрады.

    Жолаушылар тасымалы саласының өкілдері автобус паркін жаңарту мәселелерін, оның ішінде жеңілдетілген лизингтің қолжетімділігін және облысішілік маршруттарды субсидиялау тетігіне жылжымалы құрамды сатып алу шығындарын енгізу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ қалааралық облысаралық және халықаралық автомобиль тасымалдарын мемлекеттік қолдау тетіктерін енгізу қажеттігі айтылды.

    Сапар аясында вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, облыстың екі тұрғынының өтінішін қарады.

    «Павлодар Вокзал Сервис» ЖШС өкілі коммуналдық қызметтерге қол жеткізу тарифін қайта қарау мәселесін көтерді. Ал Ақсу қаласының тұрғыны теміржол станциясында тікелей билет кассасын ашу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

    Кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша вице-министр мен бейінді бөлімшелердің өкілдері тиісті түсініктемелер берді. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары Көлік министрлігінің құзыреті шеңберінде одан әрі пысықтау үшін қабылданды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары