Тарихы терең Түркістанның бай мәдени мұрасы Жамбыл жұртшылығының назарына ұсынылды. «Мәдени көпір: Түркістан мұралары» жобасы аясында Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ғасырлар үнін сақтаған мұра» атты көшпелі көрмені көпшілік назарына ұсынды.
Көрменің басты мақсаты – Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, құнды жәдігерлер арқылы өткен мен бүгінді сабақтастыру. Экспозицияға қойылған көне бұйымдар келушілерге халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, қолөнер дәстүрін және көне қалалардың тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Көрменің ашылу салтанатында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс құттықтау сөз сөйлеп, қос өңір арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіне Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың алғыс хатын табыстады.
Өз кезегінде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Райхан Дәрменқызы жамбылдық әріптестеріне ризашылығын білдіріп, музейге арнайы сыйлық табыс етті.
Экспозиция жеті бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, «Ежелгі Шауғар – Иасының бастауы», «Түркістан – Қазақ хандығының астанасы», «Түркістан облысы – көне қалалар мекені», «Өзбекәлі Жәнібековке – 95 жыл», «Этнографиялық жәдігерлер», «Түрленген Түркістан» және «Түркістан туралы кітаптар» бөлімдері өңірдің сан ғасырлық тарихын, рухани құндылықтары мен мәдени даму жолын кеңінен таныстырады.
Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін құнды жәдігерлер топтастырылған көрме – тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени бастама. Сонымен қатар ол екі өңірдің рухани байланысын нығайтып, ортақ тарих пен мәдени құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізуге жол ашады.
Айта кетейік, «Ғасырлар үнін сақтаған мұра» көшпелі көрмесі 23 қазанға дейін жалғасады. Көрме барша келушілерге Түркістанның бай тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.









