«Aspara Fashion Day 2026»: 5 елдің дизайнері Таразда бас қосты

    1 / 9
    Таразда ASPARA FASHION DAY 2026 халықаралық сән фестивалі өтті. Мәдени іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
    Фестивальдің басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасын заманауи сән индустриясымен ұштастыру, отандық дизайнерлердің шығармашылығын қолдау, қолөнер дәстүрлерін дәріптеу және Жамбыл облысының мәдени-туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту.
    Жыл сайын ұйымдастырылатын фестиваль ұлттық нақыштағы сән үлгілерін насихаттап, отандық және шетелдік дизайнерлердің шығармашылық байланысын нығайтуға мүмкіндік беріп келеді.
    Фестиваль аясында қолөнершілер көрмесі, концерттік бағдарлама, халықаралық форум және сән көрсетілімі ұйымдастырылды. «Көне Тараз» кешенінде өткен қолөнершілер көрмесіне 33 шебер қатысып, ұлттық қолөнер бұйымдарын, дәстүрлі әшекейлерді, кәдесыйлар мен авторлық туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Көрме келушілерге өңірдің бай мәдени мұрасымен және жергілікті шеберлердің шығармашылығымен танысуға мүмкіндік берді.
    Сонымен қатар кешен аумағында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары ұлттық және заманауи музыкалық шығармаларды орындады.
    Сондай-ақ Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің конференц-залында өткен халықаралық форум. Форум барысында ұлттық мәдени мұраны сақтау, сән индустриясын дамыту, креативті экономика мен туризмнің өзара байланысын нығайту мәселелері талқыланды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірде мәдениет, шығармашылық индустрия және туризм салаларын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
    Кештің басты оқиғасы – «Рухани мұра» халықаралық сән көрсетілімі болды. Подиумда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген 18 дизайнер өз еңбектерін таныстырды. Шара барысында ұлттық нақыш пен заманауи сән үрдістері үйлесім тапқан авторлық топтамалар көпшілік назарына ұсынылды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы" жаңалықтары