«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Балалардан балаларға» бастамасымен Қазақстан жазушылар және жірналистер одағының мүшесі, жазушы, сатирик Бақытжан Советұлының «Әріптер әлемі» жұмбақтар жинағы төрт нұсқада жарыққа шықты.
Аталған басылым балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, әдебиетті баршаға қолжетімді ету мақсатында әзірленген. Кітап төрт форматты қамтиды: үлкейтілген жайпақ баспалы қаріп, Брайль қарпі, тактильді графикалық суреттер және QR-код арқылы тыңдалатын аудионұсқа.
Жобаның ерекшелігі – аудионұсқаны дыбыстауға Тараз қаласындағы №69 жалпы білім берітін орта мектеп оқушыларының қатысуы. Осылайша, балалар өз қатарластарына арнап кітаптың аудиожазбасын дайындауға үлес қосты.
Іс-шара барысында автордың өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, жас оқырмандар кітаптағы жұмбақтарды оқып, жауаптарын тапты.
Кітаптың тұсауын автор Бақытжан Советұлы мен кітапхананың тифлопедагогы Бегимов Ербол Аққайұлы кесті. Кездесу соңында қатысушылар кітапхананың аудио студиясына барып, аудиокітапты дыбыстау барысымен және «Балалардан балаларға» жобасының жұмысымен танысты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









