А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма тетарының ғимаратында «Театр - өмір айнасы» облыстық байқау-фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Халық театрларының шығармашылық әлеуетін танытуға бағытталған іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Терлікбаев құттықтау сөзімен ашты.
- Жамбыл өңірі – жыр мен өнердің, дәстүр мен тағылымның алтын бесігі. Бұл топырақтан талай ақын-жазушы, өнер қайраткерлері түлеп ұшты. Осындай бай мәдени мұраны сақтау, оны заманауи талаптарға сай дамыту және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру – баршамызға ортақ міндет. Биылғы мерейтой аясында ұйымдастырылып отырған фестивальдің маңызы да осында. Фестивальге қатысып отырған барлық ұжымға алғысымды білдіремін, - деді Әлібек Мамытжанұлы.
Фестиваль Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастрыуымен биыл он бірінші мәрте өз жалғасын табуда. Жыр алыбы, қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай өтіп жатқан фестивальде жалпы саны 16 халық театры бақ сынайды.
Халықтық театр ұжымдарының өнеріне баға беріп, өнерпаздардың шеберлігін саралайтын қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның Құрметті журналисі, театр және телережиссура саласының көрнекті өкілі, профессор Асқарбек Сейілхан, «Format E» мәдени дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Әуесбай және Облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұралы Абдуллаев бар.
Екі күнге созылатын байқау-фестиваль ережесіне сәйкес, «Үздік қойылым», «Үздік режиссура», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік екінші пландағы рөл», «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік әйел адам бейнесі», «Үздік әйел адам бейнесі», «Үздік эпизод», «Ж.Жабаев атындағы» арнайы жүлде, «Көрермен көзайымы» сынды 9 номинация бойынша үздіктер марапатталады.
«Театр – өмір айнасы» облыстық фестивалі - халық театрларының шығармашылық әлеуетін танытуға, сахна мәдениетін жетілдіруге және театр ұжымдарының өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін мәдени жоба.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









