Қазақстан мен Мажарстан парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуда

    Будапешт, 2026 жылғы 4 қараша – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анель Бақытбекқызы Мажарстан Мемлекеттік жиналысының ( Парламент) Вице-спикері Анико Надьпен Халлерне ханыммен кездесті.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогтың, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің және халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылдың маңызды құралы ретінде парламенттік дипломатияны нығайтуға ерекше назар аударды.

    Елші, Қазақстанның Мажарстанды Шығыс және Орталық Еуропадағы негізгі әрі сенімді серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Екі ел арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің жоғары деңгейіне тоқтала отырып, ол парламентаралық байланыстарды, соның ішінде Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдарындағы достық топтары аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі жандандыру қажеттігіне назар аударды.

    Екі ел парламентшілері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге, заң шығару қызметі саласында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ әйел парламентшілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Тараптар әйелдердің саяси және қоғамдық өмірдегі рөлін арттырудың, гендерлік теңдікті ілгерілетудің және озық парламенттік тәжірибелермен алмасу мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

    Келіссөздердің жеке тақырыбы көпжақты форматтағы, атап айтқанда Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы ( ЕКПА) және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясы ( ЕҚЫҰ ПА) аясындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамыту болды. Тараптар халықаралық парламенттік алаңдарда Қазақстан мен Мажарстан парламентшілері арасындағы байланыстарды нығайтудың, тәжірибе алмасудың және өзара мүдделілік тудыратын мәселелер бойынша күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда демократиялық институттарды нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті ілгерілету салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларына назар аударылды.

    Екіжақты қатынастарды дамыту аясында сауда-экономикалық, инвестициялық және өзге де салалардағы бірлескен бастамаларды іске асыруға ықпал ететін үкіметаралық комиссиялар, Стратегиялық кеңес және Іскерлік кеңес сияқты қолданыстағы ынтымақтастық тетіктерінің маңыздылығы да атап өтілді.

    Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі 2027 жылы атап өтілетін Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы болды. Тараптар осы айтулы датаны екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін беру үшін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты екі елдің парламентаралық достық топтарының бірлескен мерейтойлық декларациясын әзірлеу мүмкіндігі қарастырылды.

    Әңгімелесу барысында Елші мажар тарапын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Әділетті Қазақстан» құру бағыты аясында елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және институционалдық өзгерістер туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелері, Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі, сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған басты басымдықтар таныстырылды.

    Өз кезегінде А.Халлерне Мажарстан Мемлекеттік жиналысының Спикері Агнеш Форстхоффердің атынан және жеке өз атынан А. Бақытбекқызын Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі қызметіне тағайындалуымен құттықтап, дипломатиялық қызметіне табыс тіледі.

    Мемлекеттік жиналыстың Вице-спикері мажар тарапының Қазақстанмен жан-жақты қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін растап, парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған бастамаларға қолдау білдірді.

    Мажар парламентшісі Қазақстандағы конституциялық өзгерістерге де жоғары баға беріп, жаңа Ата заңның заманауи сипатын, соның ішінде қоршаған ортаны қорғау, жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі өзекті мәселелердің қамтылғанын атап өтті.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, екіжақты және көпжақты парламенттік диалогты кеңейтуге, парламентаралық достық топтарының қызметін жандандыруға және екі мемлекеттің мүддесіне сай бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі" жаңалықтары