Қазақстан мен Мажарстан стратегиялық серіктестікті нығайтудың перспективаларын талқылады

    1 / 4

    Будапешт, 2026 жылы 3 қараша күні – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анель Бақытбекқызы Мажарстан Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты байланыстарға жауапты Мемлекеттік хатшысы Клара Бройер ханыммен кездесті.

    Кездесу барысында қос тарап Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі дамытуға, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ халықаралық ұйымдардағы өзара ынтымақтастықты жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

    Елші Мажарстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы Қазақстан үшін негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту үшін зор әлеуеттің бар екенін жеткізді.

    Екі ел арасындағы үкіметаралық комиссиялар, стратегиялық кеңес, іскерлік кеңес пен парламентаралық достық топтары сынды тетіктердің маңыздылығына тоқталған А. Бақытбекқызы сөз арасында олардың жұмысын қайта жандандыруға шақырды. Аталмыш құрылымдардың іс-қимылдарын нақты бастамалар мен қос тарапқа тиімді жобалармен толтыру маңыздылығы сөздің өзегі болды.

    Кездесудің басты тақырыптарының бірі үстіміздегі жылы атап өтетін Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы болды. Тараптар бұл айтулы жылды екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беру үшін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Осыған орай, жоғары деңгейдегі өзара сапарларды, іскерлік форумдарды, мәдени және қоғамдық-дипломатиялық шараларды қоса алғанда, мерейтойлық іс-шаралардың бірлескен бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі талқыланды.

    Сонымен қатар, жоғары және ең жоғары деңгейдегі алдағы екіжақты байланыстар мен сапарларға дайындық мәселелерін талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимыл келешегі туралы пікір алмасты.

    Елші мажар тарапын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел ішінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік-саяси моделді жаңғырту мен жаңартудың жаңа кезеңдері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы, Құрылтайдың құрылуы, сондай-ақ ҚР Президентінің халыққа Жолдауы туралы айтып берді.

    Өз кезегінде, К.Бройер А.Бақытбекқызын Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі қызметіне тағайындалуымен құттықтап, алдағы дипломатиялық қызметіне табыс тіледі.

    Мемлекеттік хатшы Қазақстанмен қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Орталық Азияның күшті әрі тұрақты мемлекеті және Мажарстанның өңірдегі елеулі серіктесі ретінде әрі қарай байланысты жандандыруға үлкен мән беретінін атап өтті.

    Қазақстан мен Мажарстан қатынастарының әдеттегідей достық және іскерлік сипатын атап өте отырып, мажар тарапы Елшінің бастамаларына қолдау көрсететінін жеткізіп, практикалық ынтымақтастықты одан әрі өрістетуге мүдделі екенін білдірді.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі мемлекеттің мүддесі үшін стратегиялық әріптестікті нығайтуға, саяси диалогты тереңдетуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі" жаңалықтары