Бейжің, 2026 жылғы 5 қараша – Бейжің қ. Қазақстанның Мәдениет орталығында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы мен еліміздің халықаралық бастамаларын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі жетекші қытайлық талдау және ғылыми-зерттеу орталықтары өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырды.
Іс-шараға Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы, Қытайдың қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму мәселелерін зерттеу орталығы, Шығыс Қытай педагогикалық университеті, Солтүстік-Батыс, Далянь және Ланьчжоу университеттері сияқты 15 жетекші ғылыми-зерттеу және талдау мекемелерінің, сондай-ақ Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті мен Қытай халқының шет елдермен достық қоғамының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев өз сөзінде қатысушыларды Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырып, әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтарына, инфрақұрылымды жаңғыртуға, цифрлық трансформацияға және жасанды интеллектіні енгізуге ерекше назар аударды. Сонымен қатар, өңірлік тұрақтылықты нығайтуға, көпжақты ынтымақтастықты дамытуға және орнықты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның халықаралық бастамаларына тоқталды.
Елші Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар екі мемлекет арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Іс-шара барысында қытайлық сарапшылар Президент Жолдауының мазмұнына жоғары баға беріп, оның стратегиялық сипаты мен елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталғанын атап өтті.
Атап айтқанда, Қытайдың қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы Ғылыми комитеті хатшысының орынбасары Дин Сяосин, Қазақстан ауқымды саяси реформалар кезеңін аяқтап, экономиканы белсенді жаңғыртуға көшкенін атап өтті. Оның бағалауынша, «Халықтық құрылыс» бастамасы ұлттық экономиканы әртараптандырудың маңызды қозғаушы күшіне айналуы мүмкін. Ал ірі инфрақұрылымдық жобалар көлік, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы қазақ-қытай ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктерін ашады.
ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму мәселелерін зерттеу орталығының Еуразияның әлеуметтік дамуын зерттеу институты директорының орынбасары Сюй Тао биылғы Жолдау халыққа арналған кезекті үндеу ғана емес, елдің алдағы жылдарға арналған даму бағытын айқындайтын ауқымды стратегиялық құжат екенін атап өтті. Сонд ай-ақ ол Жолдаудың әлеуметтік бағыттылығына назар аударып, жаппай әлеуметтік субсидиялардан халыққа атаулы қолдау көрсетуге көшу, ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру және білім беру мен денсаулық сақтау салаларына инвестицияларды ұлғайту мәселелерін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының Орталық Азия және Кавказ бөлімінің басшысы Чжан Нин Жолдауды институционалдық реформалардан экономикалық дамудың жаңа моделін қалыптастыруға көшуді көздейтін стратегиялық бағдарлама ретінде бағалады. Сарапшы Президент Қ.Тоқаевтың елдегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жүзеге асырудағы шешуші рөліне ерекше тоқталып, оны жаһандық ойлау қабілеті мен стратегиялық көзқарасы бар мемлекет қайраткері, сондай-ақ Жаңа Қазақстанның шынайы сәулетшісі ретінде сипаттады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ауыл шаруашылығы, су үнемдеу технологиялары, көлік байланыстары және білікті кадрлар даярлау салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын да талқылап, аталған бағыттарда бірлескен жобаларды іске асырудың зор әлеуетін атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту мақсатында сарапшылық диалогты нығайтуға және ғылыми-талдамалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









