Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Макинск қаласында әлеуметтік қолдауды қажет ететін 20 тұрғынға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
Жаңа қоныс иелерінің қатарында көпбалалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және мүгедектігі бар азаматтар бар. Тоғыз пәтер «Балуан Шолақ» жаңа тұрғын үй кешенінде, тағы он бір пәтер Шевченко көшесіндегі көпқабатты үйде орналасқан.
Өңір басшысы «Балуан Шолақ» тұрғын үй кешенін аралап, пәтерлердің жоспарлануымен және әрлеу сапасымен танысты. Кең бөлмелер, абаттандырылған кіреберістер мен қоныстануға дайын пәтерлер тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған Динара Байкенова үшін бұл күн ерекше қуанышты сәтке айналды. Ол жеті жыл бойы баспана кезегін күткен.
«Мен жеті жыл бойы баспана кезегінде тұрдым. Сәрсенбі күні, мен үшін бақытты күнде, 1414 нөмірінен кезегімнің келгені туралы хабарлама алдым. Кейін Отбасы банкінен екі бөлмелі пәтердің иесі атанғанымды хабарлады. Қуанышымда шек болмады! Бақыттан жылап жібердім. Өмірде осындай шын мәнінде бақытты күндер болады екен», – деп бөлісті Динара Байкенова.
Марат Ахметжанов мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету өңірдегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Тұрғын үй жағдайын жақсарту – бұл жай ғана шаршы метр беру емес. Бұл әр отбасы үшін тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділікке қол жеткізіп, балаларды тәрбиелеуге лайықты жағдай жасау мүмкіндігі. Біздің міндетіміз – тұрғын үй мәселелерін жүйелі түрде шешіп, әсіресе мемлекет қолдауына мұқтаж азаматтарға ерекше көңіл бөлу», – деді өңір басшысы.
Жыл соңына дейін «Балуан Шолақ» тұрғын үй кешеніне тағы алты отбасын қоныстандыру жоспарланып отыр.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









