Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында «Ақ әжелер ізімен» облыстық жобасының марапаттау рәсімі өтті. Шара «Әжемнің ертегілеріне саяхат» жобасының 2026 жылғы жұмысын қорытындылауға және жас ұрпақ тәрбиесіне ерікті түрде үлес қосып жүрген ақ жаулықты әжелердің еңбегін ұлықтауға арналды.
2026 жылы жоба аясында облыстың 621 мектепке дейінгі ұйымында «Әжелер мектебі» құрылып, 602 әженің қатысуымен 1817 танымдық сағат өткізілді. Аталған жұмыстармен 12 747-ге жуық бүлдіршін қамтылды.
Салтанатты жиында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева мен Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіманап сөз сөйлеп, әжелердің ұрпақ тәрбиесіндегі зор еңбегін атап өтті. Рәсім аясында жобаға белсене қатысқан әжелер «2026 жылдың Үздік ертегіші әжесі» атанып, оларға құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ «Әулиеата аңыздары» жобасы аясында балаларға арналған жаңа анимациялық туынды ұсынылды.
Орталық ұлттық мұраны балаларға заманауи тәсілдермен жеткізуге де мән беруде. 2026 жылы қазақ ертегілері желісімен 10 анимациялық фильм әзірленді. Сонымен қатар «Әулиеата аңыздары» жобасы аясында өлке тарихына қатысты аңыз-әңгімелер анимацияланды. Бұл жұмыстарды орталықтың YouTube арнасы арқылы көпшілікке ұсыну көзделген.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









