21 қараша күні Жамбыл облыстық орыс драма театрында неміс драматургі Генрих фон Клейстің «Сынған құмыра» комедиясының премьерасы өтті. Қойылымды Өзбекстаннан келген режиссер Сайфиддин Мелиев сахналап, көркемдік безендіруін Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева жасады.
Режиссер классикалық туындыны көрерменге өзгеше қырынан ұсынды. XIX ғасырдың басындағы Голландия ауылының орнына сахнада Гэтсби дәуірінің эстетикасына негізделген ерекше кеңістік қалыптасты. Музыкалық, вокалдық және би нөмірлері қойылымның көркемдік мазмұнын байыта түсті. Дегенмен пьесаның негізгі желісі мен идеясы өзгеріссіз сақталған. Жалғандықты, екіжүзділікті және билікті асыра пайдалануды әшкерелейтін шығарма заманауи сахналық шешім арқылы жаңа сипатқа ие болды.
Премьера аясында театрдың игі дәстүріне айналған көркемсурет көрмесі де ұйымдастырылды. Бұл бастаманы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, өнертанушы Раушан Қазбаева қолға алған. Көрмеге жоғары сынып оқушылары мен ұстаздарының акварель және графикалық туындылары, сондай-ақ қыш шеберлерінің қолынан шыққан құмыралар қойылды.
Экспозицияда шығарманың тарихи кезеңі мен кейіпкерлер әлемі көрініс тапты. Осылайша, классикалық бейнелеу өнерінің дәстүрлері мен туындының заманауи сахналық интерпретациясы өзара үндестік тауып, көрерменге өнер әлеміне тереңірек бойлауға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








