Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында салтанатты қабылдау өтті.
Салтанатты қабылдау аясында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы «Бірлік пен достық әуені» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
Концерттік бағдарламаға Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Тараз» триосы, сондай-ақ жеке орындаушылары қатысты.
Атап айтқанда, Мәдениет саласының үздіктері Жанатбек Кәдіров, Жандос Омаров және Динара Диханбаева, Айгүл Есекеева, Дамир Рахимбердиев, Бекарыс Көштаев, күйші-орындаушылар Дидар Басықараев, Нұрлатбек Әзімбаев өнер көрсетті.
🇰🇬 Сонымен қатар, концертке қырғыз елінің өнерпаздары – Маданияттын мыкты кызматкерлери Уриза Мырзакеримова мен Гүлшан Таалайбекова қатысып, екі халықтың дәстүрлі күй өнерін тоғыстырған бірлескен күй тартысын ұсынды.
Бағдарлама барысында Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Марат Бердіғұловтың «Шахристан» күйлері, сондай-ақ «Әдемі-ау», «Сағындым Алматымды», «Өз елім», «Көк тудың желбірегені», «Ой, жаным», «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Куә бол», «Жаса Қазақстаным» сынды танымал әндер орындалды.
Екі ел өнерпаздарының бір сахнада тоғысқан өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, қазақ және қырғыз күйшілерінің бірлескен күй тартысы кештің ерекше сәттерінің бірі болды.
«Бірлік пен достық әуені» атты концерттік бағдарлама Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тарихи достық пен бауырластықты, рухани сабақтастық пен мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени іс-шара.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







