Сайрам ауданында мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселелері талқыланды

    1 / 6

    Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын 2027 жылдан бастап енгізілетін мемлекеттік лицензиялауға даярлау бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.

    Осы мақсатта кезекті ауқымды кездесу Сайрам ауданында ұйымдастырылып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының лицензиялауға дайындығы, заңнамалық талаптарды орындау және осы бағытта туындайтын өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

    Кездесуге Департамент басшысы К.Ауанасова, лицензиялау бөлімінің басшысы С.Пахымбет, Сайрам ауданы білім бөлімінің басшылығы, аудандық төтенше жағдайлар басқармасы, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, Түркістан облысының білім басқармасы жанындағы Білім беруді дамыту орталығының өкілдері, сондай-ақ аудан аумағындағы мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары қатысты.

    Жиын барысында қатысушыларға білім беру қызметін лицензиялаудың құқықтық негіздері, лицензиаттарға қойылатын біліктілік талаптары, лицензия алу рәсімінің кезеңдері мен мерзімдері, сондай-ақ лицензиясыз білім беру қызметін жүзеге асырудың құқықтық салдары кеңінен түсіндірілді.

    Департаменттің лицензиялау бөлімінің басшысы С.Пахымбет «E-license» ақпараттық жүйесі арқылы лицензия алуға өтініш беру тәртібіне арнайы тоқталып, өтінішті тіркеуден бастап түпкілікті нәтижені алуға дейінгі рәсімдерді тәжірибелік тұрғыда таныстырды. Сонымен қатар ұсынылатын құжаттардың толықтығы мен заңнама талаптарына сәйкестігіне, өтініштерді пысықтауға қайтаруға негіз болатын жиі кездесетін кемшіліктерге және олардың алдын алу жолдарына ерекше назар аударды.

    Өз кезегінде төтенше жағдайлар басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің өкілдері мектепке дейінгі ұйымдардың ғимараттары мен үй-жайларына қойылатын қауіпсіздік талаптарын, өрт қауіпсіздігі қағидаларын, санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау және балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуін қамтамасыз ету мәселелерін кеңінен түсіндірді.

    Қатысушылар өтініштерді қарау мерзімдері, ғимараттар мен үй-жайлардың белгіленген талаптарға сәйкестігі, штаттық қамтамасыз ету, анықталған кемшіліктерді жою тетіктері, құжаттарды әзірлеу кезеңінде консультациялық көмек алу мүмкіндіктері жөнінде өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. Департамент пен тиісті уәкілетті органдардың өкілдері көтерілген әрбір мәселеге жан-жақты тоқталып, заңнама шеңберінде нақты түсіндірмелер берді.

    Кездесу қорытындысында Департамент тарапынан мектепке дейінгі ұйымдардың басшыларына лицензиялау рәсіміне дайындықты кейінге қалдырмай, біліктілік талаптарына сәйкестігіне алдын ала өзіндік бағалау жүргізу, ықтимал сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтап, оларды жою және қажетті құжаттарды уақтылы әзірлеу жөнінде ұсынымдар берілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті" жаңалықтары