Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы К.Ауанасова өткен аптада Жетісай ауданында азаматтарды қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдау барысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Атап айтқанда, қабылдауға келген азаматтар мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу барысында туындайтын мәселелер, сондай-ақ балабақшалардың негізгі мекенжайынан бөлек орналасқан қосымша ғимараттарына білім беру қызметін жүзеге асыру үшін лицензия алу тәртібіне қатысты сауалдарын жеткізді.
Департамент басшысы К.Ауанасова әрбір мәселенің мән-жайына назар аударып, қабылдауға келген азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптары мен оларды іске асыру тетіктері жөнінде түсіндірме берді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметін заңнама талаптарына сәйкестендірудің, тәрбиеленушілер үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудың және білім беру сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Қоғамдық қабылдау ашық пікір алмасу форматында өтіп, білім беру ұйымдарының күнделікті қызметінде кездесетін мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.








