Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті білім беру ұйымдарымен лицензиялау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыру мақсатында Мақтаарал ауданында кезекті кездесу өткізді. Кездесуге Департамент басшысы К.Ауанасова, лицензиялау бөлімінің басшысы С.Пахымбет, Мақтаарал ауданы білім бөлімінің басшылығы, аудандық төтенше жағдайлар басқармасының, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің және Түркістан облысы Білім басқармасы жанындағы Білімді дамыту орталығының өкілдері, сондай-ақ аудандағы мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары қатысты.
Кездесудің күн тәртібі: аудандағы мектепке дейінгі ұйымдардың 2027 жылғы мемлекеттік лицензиялауға дайындығы мәселесіне арналды. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы заңнамасының лицензиаттарға қоятын талаптары, рәсімнен өту тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ лицензиясыз білім беру қызметін жүзеге асырудың салдары түсіндірілді.
Департаменттің лицензиялау бөлімінің басшысы С.Пахымбет «E-license» ақпараттық жүйесінде өтінішті тіркеуден бастап нәтиже алуға дейін жұмыс істеу тәртібін көрсетті. Құжаттардың мазмұнына қойылатын талаптарға және өтініштердің пысықтауға қайтару кезіндегі жиі кездесетін себептерге ерекше назар аударылды.
Уәкілетті органдар тарапынан мектепке дейінгі ұйымдардың ғимараттарына, үй-жайларына және тамақтандыруды ұйымдастыруға қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитариялық-эпидемиологиялық нормалар жеткізілді.
Кездесу белсенді өтті. Жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының кәсіпкерлерін толғандыратын көптеген мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, өтініштерді қарау мерзімдері, үй-жайлар мен штат кестесіне қойылатын талаптар, ескертулерді жою тәртібі, құжаттарды дайындау кезеңінде кеңес алу мүмкіндігі. Департамент пен уәкілетті органдардың өкілдері көтерілген барлық мәселелер бойынша түсініктеме берді.
Департамент Мектепке дейінгі ұйымдардың басшыларына қазірден бастап біліктілік талаптарына сәйкестігін өзін-өзі бағалауды жүргізуді, анықталған сәйкессіздіктерді жоюды және құжаттарды уақтылы дайындауды ұсынды. Алдағы уақытта Департамент облыс аудандарында осындай кездесулерді өткізуді жалғастыратын болады.









