Қазақстанның авиациялық әкімшілігі (ҚАӘ) мен Сингапурдың Азаматтық авиация басқармасы (CAAS) азаматтық авиация саласындағы техникалық ынтымақтастықты тереңдету, екі ел мен өңірлер арасындағы байланыстарды нығайту, сондай-ақ жолаушылар және жүк тасымалы көлемін ұлғайту мақсатында Ниет туралы мәлімдемеге (SOI) қол қойды. Құжатқа ҚАӘ Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел мен CAAS Бас директоры Хан Кок Хуан қол қойды.
Қазақстан мен Сингапур тиісінше Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды авиациялық хабтар болып табылады. Соңғы жылдары екі ел арасындағы әуе қатынасы айтарлықтай қарқын алды.
Ниет туралы мәлімдеме аясында ҚАӘ мен CAAS азаматтық авиация саласындағы қадағалаудың негізгі бағыттарын қамтитын ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнатуға ұмтылады. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік, авиацияның орнықты дамуы, инновациялар мен жаңа технологиялар, сондай-ақ авиациялық инспекторларды даярлау және кадрлық әлеуетті дамыту кіреді.
Бұл құжат 2024 жылы жасалған Оқыту саласындағы ынтымақтастық туралы қолданыстағы келісім шеңберінде Қазақстанда авиациялық даярлау бағдарламаларын іске асырумен ғана шектелген бұрынғы ынтымақтастық аясын едәуір кеңейтеді.
ҚАӘ мен CAAS кеңейтілген ынтымақтастықты 2027 жылдың бірінші жартысында CAAS делегациясының Қазақстанға сапары кезінде қол қою жоспарланған жаңа Өзара түсіністік туралы меморандум (MoU) арқылы бекіту жөнінде жұмыс істейтін болады.
Меморандум Сингапур мен Қазақстан арасындағы азаматтық авиация саласындағы техникалық ынтымақтастыққа арналған жоғары деңгейдегі ортақ платформаны институционалдық негізде бекітеді. Оның аясында ҚАӘ бас атқарушы директоры мен CAAS бас директорының тең төрағалығымен жыл сайынғы кездесулер өткізу көзделеді. Кездесулер Қазақстан мен Сингапурда кезекпен өткізіліп, ынтымақтастықтың барысын бағалауға және оны одан әрі дамыту мүмкіндіктерін айқындауға мүмкіндік береді.
ҚАӘ Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел: «CAAS-пен ынтымақтастықты нығайту – авиация мамандарымыздың кәсіби құзыреттерін одан әрі арттыру жолындағы маңызды қадам. Біз тәуекелге бағдарланған қадағалау, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік, сондай-ақ инспекторларды даярлау салаларында тәжірибе және озық практикалармен алмасудың маңыздылығын жоғары бағалаймыз. Біз CAAS-пен қалыптасқан әріптестігімізді дамытып, мамандандырылған оқыту мен кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстанда қауіпсіз, тиімді және орнықты азаматтық авиацияны дамыту мүддесінде тығыз ынтымақтастық орнатуға ұмтыламыз», – деп атап өтті.
CAAS Бас директоры Хан Кок Хуан: «Ниет туралы мәлімдемеге қол қою азаматтық авиация саласындағы екі органның техникалық ынтымақтастықты тереңдетуге, елдеріміз бен өңірлеріміз арасындағы байланысты нығайтуға, мамандар арасындағы өзара іс-қимыл мен іскерлік байланыстарды жандандыруға және жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуға деген ортақ ұстанымын көрсетеді. Біз авиация салаларымызға әріптестікті тұрақты негізде дамытуға мүмкіндік беретін жыл сайынғы ресми кездесулер форматын қалыптастыруға ниеттіміз», – деп мәлімдеді.
Анықтама:
Сингапурдың Азаматтық авиация басқармасының (CAAS) миссиясы – Сингапурдың өркендеуіне елеулі үлес қосатын қауіпсіз әрі серпінді авиациялық хаб пен азаматтық авиация жүйесін дамыту.
CAAS қызметінің негізгі бағыттарына авиация саласындағы қауіпсіздікті қадағалау және оны арттыруға жәрдемдесу, авиациялық хаб пен авиация саласын дамыту, аэронавигациялық қызмет көрсету, адами ресурстарды дамыту мақсатында авиациялық даярлауды ұйымдастыру және халықаралық азаматтық авиацияның дамуына үлес қосу кіреді.
Қосымша ақпарат:www.caas.gov.sg .









