Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының Асенкритовка ауылында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекетін салтанатты түрде ашты. Нысан ауданның әкімшілік орталығы Әйет ауылынан 21 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол жалпы саны 2 мыңнан астам тұрғыны бар бес елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
ТЖМ басшысы өрт сөндіру бекетінің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен, үй-жайлардың жоспарлануымен және жеке құрамның қызмет атқару жағдайларымен танысты. Бөлімшенің өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге дайындығына, сондай-ақ ерікті өрт сөндірушілердің жұмысына қажетті жағдайлардың жасалуына ерекше назар аударылды.
Ғимаратта өрт сөндіру автокөлігіне арналған ангар, байланыс пункті, демалыс бөлмесі, ас үй, қосалқы бөлме, санитарлық торап және душ бөлмесі қарастырылған. Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін ТЖМ өрт сөндіру бекетіне өрт сөндіру автокөлігін табыстады. Ерікті өрт сөндірушілер тәулік бойы кезекшілік атқарып, шақыртуларға шығуға және кәсіби бөлімшелер келгенге дейін халыққа көмек көрсетуге тұрақты дайындықты қамтамасыз етеді.
Салтанатты рәсім барысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін ТЖМ атынан алғыс хаттар табысталды. Жаңа өрт сөндіру бекеті мен өрт сөндіру автокөлігінің кілттері аудан әкімі Қайсар Мыржақыповқа тапсырылды.
Өрт сөндіру бекетінің құрылысы маусым айында басталып, белгіленген мерзімде аяқталды. Нысан ауылдық жерлердегі өртке қарсы инфрақұрылымды дамытуға демеушілік көмек көрсеткен «Варваринское» АҚ қолдауымен салынды.








