Қарағандыда IT-білім беруді жасанды интеллект дәуіріне бейімдеу мәселелері талқыланды

    1 / 10

    Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «AI-native трансформация: технологиялар мен жаңа құзыреттер» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

    Іс-шара «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» бағыттары бойынша Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің Оқу-әдістемелік бірлестігінің көшпелі отырысы аясында ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, IT-компаниялар мен өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

    Семинар қатысушыларына ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Ержан Әмірбекұлы құттықтау жолдады. Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Сәуле Сагинтаева да құттықтау сөз сөйледі.

    Іс-шара бағдарламасы пленарлық отырысты, сарапшылық сессияны және үш тақырыптық секцияны қамтыды. Отырыста Qazaq AI Research University ректоры Сапар Токсанов жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білімнің жаңа міндеттері туралы баяндама жасады. Сондай-ақ ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі Меруерт Саттыбаева цифрландыру және IT-технологиялар саласындағы экономикалық тергеп-тексеру бағыты бойынша Minor білім беру бағдарламасын енгізу мүмкіндіктерін таныстырды.

    «IT-білім беру 2027-2030: жаңа құзыреттер және білім беру бағдарламаларын трансформациялау» сарапшылық сессиясына SAP, ERP, KZ-CERT, Astana Hub, Qarmet және Қазақстандық киберқауіпсіздік қауымдастығының өкілдері қатысты. Талқылау барысында еңбек нарығының талаптары, оқу бағдарламаларын жаңарту және студенттердің практикалық даярлығын күшейту мәселелері қарастырылды.

    Семинар жұмысы үш бағыт бойынша жалғасты: «Enterprise AI: зияткерлік корпоративтік жүйелер және AI-агенттер», «Physical AI және зияткерлік өндіріс», «AI-native жүйелердің киберқауіпсіздігі». Секцияларда жасанды интеллектіні өндірісте қолдану, бизнес-процестерді автоматтандыру, робототехника және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

    Іс-шара аясында Қарағанды жоғары оқу орындарының жасанды интеллект саласындағы инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Қарағанды индустриялық университеті AI Syllabus, SolarAI және KarIU Smart Bots әзірлемелерін таныстырды.

    Семинар қорытындысында қатысушылар 2027-2030 жылдарға арналған IT бағытындағы білім беру бағдарламаларын жаңарту, жаңа пәндер мен модульдерді енгізу және жоғары оқу орындарының өндірістік серіктестермен ынтымақтастығын кеңейту жөнінде ұсыныстарды талқылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары