2026 жылғы 28 қазанда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Мемлекеттік айыптауды жүзеге асырудың өзекті мәселелері және соттағы прокурор қызметінің тиімділігін арттыру» тақырыбында форум өтті.
Іс-шараға прокуратура, экономикалық тергеп-тексеру және полиция департаментінің өкілдері қатысып, қазіргі қоғамда белең алып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтар, олардың алдын алу жолдары, қоғамдық қауіптілігі және олар үшін көзделген заңдық жауаптылық туралы баяндамалар жасады.
Сонымен қатар сот талқылауындағы прокурордың рөлі мен мемлекеттік айыптауды жүзеге асыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шараға:
▪университеттің 130 студенті тікелей қатысты;
▪ 34 колледждің 2 700-ге жуық білім алушысы;
▪ 162 мектептің 36 213 оқушысы бейнеконференцбайланыс арқылы онлайн форматта қатысты.
Жалпы, форум 39 мыңнан астам оқушы мен студентті қамтыды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық білімін жетілдіру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың салдары туралы түсінігін кеңейту.
Заңды білу және оны құрметтеу – құқықтық мәдениетті қоғам қалыптастырудың маңызды негізі.
Шымкент қалсының прокуратурасы




