Шымкент қаласы Еңбекші ауданының прокуратурасы оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету саласында жүйелі заң бұзушылықтарды анықтады.
Қаладағы мемлекеттік мектептерде 170 мыңнан астам оқулық жетіспейтіні белгілі болды. Сонымен қатар, 110 мыңнан астам тозған және пайдалануға жарамсыз кітап анықталды. Жалпы оқулық қорының шамамен 74%-ын құрайтын 2 миллион дана оқулық жаңартуды қажет етеді.
Соңғы үш жылда оқушылар саны ескеріле отырып, кітап қорына түгендеу жүргізілмеген. Оқулықтарды жаңарту мерзімділігі сақталмаған, ал сатып алынған кітаптар мектептердің нақты қажеттілігін толық өтемеген.
Мәселен, Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы бесінші сыныптарға арналған ағылшын тілі пәнінен 293 оқулыққа сұраныс бергенімен, небәрі 90 данасын алған. Соның салдарынан оқушыларға мұқабалары мен түптері бүлінген, кейбір парақтары жоқ, тозған оқулықтар берілген.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 46 мыңнан астам оқушы қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілді. Кінәлі 73 тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Кітап қорын есепке алуды ретке келтіру мақсатында қала әкімдігі «Alaqan» электрондық кітапхана жүйесін енгізді. Бұл шара оқулықтарды есепке алуды және мектептердің оқу әдебиетіне қажеттілігін жоспарлауды жетілдіруге бағытталған.
Шымкент қаласының прокуратурасы




