ШҚО-да «Қауіпсіз үй» ЖПІШ аясында 10 мыңнан астам тұрғын профилактикалық жұмыстармен қамтылды
Шығыс Қазақстан облысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін факторларды анықтауға бағытталған «Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
24 күн ішінде полиция қызметкерлері тұрғын үй секторында 867 қауіп төндіруі мүмкін жағдайды анықтап, оның 837-сін жойды. Олардың қатарында алкогольді шамадан тыс тұтыну, отбасындағы қолайсыз ахуал және профилактикалық шараларды қажет ететін өзге де жағдайлар бар. Қазіргі уақытта 5 мыңнан астам мекенжай ерекше бақылауға алынған.
Аула аралау барысында 10 мыңға жуық тұрғын үй нысаны және профилактикалық есепте тұрған 8 мыңнан астам азамат тексерілді. Нәтижесінде 102 құқық бұзушылық анықталды.
Сондай-ақ қаруды сақтау қағидаларының сақталуына ерекше назар аударылды. 2 806 қару иесі тексеріліп, 56 заң бұзушылық тіркелді. Тіркелмеген 6 қару тәркіленді.
Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – тұрғындармен тікелей байланыс орнату. Осы мақсатта 364 кездесу өткізіліп, оған 10 мыңнан астам тұрғын қатысты. QR-кодтар мен жергілікті қауымдастық чаттары арқылы келіп түскен өтініштердің 265-і бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Қауіп төндіруі мүмкін жағдайларды анықтау және жою жұмыстары жалғасуда. Басты мақсат – құқық бұзушылықтарға жол бермеу, туындаған мәселелерге дер кезінде ден қою және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
ШҚО ПД баспасөз қызметі








